Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қызмет органдары құжаттарын зерттеуді тапсырды

Нұрсұлтан Назарбаев Президенттің көмекшісі — Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғабит Байжановты қабылдады. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ғабит Байжанов Президентке Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысын өткізуге дайындық барысы жөнінде мәлімдеді.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінің ұлттық қауіпсіздікті, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту саласындағы мемлекеттік саясатты үйлестіруді жүзеге асыратын арнайы орган екенін атап өтті.

Қауіпсіздік кеңесі туралы жаңа заң Кеңестің өкілеттігін мейлінше кеңейтеді. Осыған байланысты нормативтік-құқықтық базаны, соның ішінде құқық қорғау және арнайы қызмет органдарының жұмысын реттейтін құжаттарды егжей-тегжейлі зерттеу қажет, — деді Президент.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Ғабит Байжановқа Қауіпсіздік кеңесінің алдағы жұмыстары жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.