Басты бетЖаңалықтарАлматының Бостандық...

Алматының Бостандық және Алмалы аудандарына жаңа әкім тағайындалды

Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің және Алматы мәслихатының келісімімен Алмалы ауданының әкімі болып Бекқали Торғаев тағайындалды. Алтай Рахымбетов Бостандық ауданының әкімі атанды.

Алматы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оларды таныстыру кезінде Бауыржан Байбек тағайындалған әкімдердің қызметтік өсу жолдарының барлық сатысынан өткенін және қала проблемаларын жақсы білетінін атап өтті. Олардың алдына принципті және тұрақты қадағалауды талап ететін бірінші кезектегі міндеттер қойылды.

Аудандардың жаңа әкімдері абаттандыру, жасылдандыру жұмыстарын одан әрі жалғастыруға, көшелерді жөндеуге, ғимараттардың архитектуралық келбеттеріне айрықша назар аударғаны жөн. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты модернизациялау аясында үйлерді жөндеуді жалғастырып, «Ескі тұрғын үй» бағдарламасын мықтап қолға алуы тиіс, — деді қала әкімі.

Аудан әкімдеріне білім және денсаулық сақтау басқармаларымен бірігіп мектептердегі оқушы орындарының жетіспеуі мен емханалардағы сырқаттар тығыздығы мәселесін шешу тапсырылды.

Алмалы ауданының жаңа басшысы Бекқали Торғаев 5 жылдан астам уақыт Әуезов ауданында әкім қызметін атқарды. 2015 жылдың ақпанында Бостандық ауданының әкімі болды.

Үш жыл ішінде ауданда салық түсімі 22%-ға, шағын және орта кәсіпорындар саны 12%-ға, негізгі капитал инвестициясы 28%-ға артты. 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орныдары ашылды, 1,3 миллион шаршы метр тұрғын үй іске қосылды, аулалардың 47%-ы, жерасты өтпелі жолдардың барлығы жөнделді.

Бостандық ауданының жаңа әкімі Алтай Рахымбетов еңбек жолын 1995 жылы Алматы экология басқармасының маманы ретінде бастады. Қоршаған ортаны қорғау саласында 20 жыл бойына еңбек етті, соның ішінде Алматы табиғатты реттеу басқармасының басшысы да болды. 2015 жылдың ақпанынан бері Әуезов ауданының әкімі болды.

Осы уақыт ішінде салық түсімі 74%-ға, бөлшек сауда айналымы 60%-ға, инвестиция 40%-ға артты, 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. 6 мемлекеттік және 60 жеке балабақшалар ашылды.