Бауыржан Байбек пен Жорж Бада
Бауыржан Байбек пен Жорж Бада. Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Бенин Республикасының экономикалық орталығы – Абоме-Калави қаласының мэрі Жорж Бадамен кездесті.

Әкімнің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстарды күшейту және қалаларды дамыту бойынша тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.

Мегаполис әкімі географиялық қашықтықта қатысты Алматы мен Бенин арасындағы экономикалық байланыстың шектеулі екенін, алайда мәдени-гуманитарлық салада ынтымақтастықтың жоғары екенін айтты.

Жыл сайын қалада халықаралық көлемде The Spirit of Tengri, Star of Asia, халықаралық джаз фестивалі, Оркестрлер парады сияқты 50-ден астам шара өтеді, бұларға Бенин шығармашылық ұжымдарының қатысуы өзара байланысқа тың серпін беріп, достықты нығайтуға ықпал етер еді, – деді Бауыржан Байбек.

Жорж Баданың айтуынша, Абоме-Калави халықаралық байланысты нығайтып, дамыған қалалардың үздік практикасын игеруге мүдделі.

Мен көптеген елде болдым, Қазақстанға алғаш рет келуім. Алматының күзгі көрінісі мені тәнті етті. Бізге қаланың қай бағытта дамуы, туындаған мәселелердің қалай шешімін табатыны қызық. Оның үстіне, мегаполис таудың етегінде орналасқан екен, демек, сіздерде төтенше жағдайлардың алдын алу және қорғану бойынша нақты тәжірибе жинақталған. Тығыз байланыс орнатып, тәжірибе алмасамыз. Болашақта Бенин қазақстандықтар үшін батыс Африканың есігіне айналады деген үміттеміз, – деді Абоме-Калави мэрі.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!