ҚазҰУ цифрландыру жөнінен өзге оқу орындарына үлгі болғысы келеді

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында білім саласын цифрландыруда алдыңғы қатарда келеді. Бұл туралы университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов есеп беру кездесуінде айтты.

ҚазҰУ әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне трансформациялану бағытымен мақсатты түрде айналысып келеді. Биыл университет QS әлемнің ең үздік жоғары оқу орындары арасында халықаралық рейтингінде 220-орынға тұрақтады. Бұл рейтингке ТМД елдерінен ҚазҰУ мен Ломоносов атындағы ММУ ғана іліккен.

ҚазҰУ ректоры есеп беру
Фото: kaznu.kz

Ректор университет қызметінің бағыттары, жетістіктері және ғалымдар, оқытушылар мен студенттердің алдында тұрған стратегиялық міндетттер туралы баяндады.

ҚазҰУ халықаралық бәсекеге қабілеттілігін көтеру және әлемнің 200 үздік топ университеті құрамына ену мақсатында Президент тапсырмасын орындау жолында белсенді жұмыстар атқарылып жатыр. Университет оқу бағдарламаларының 90%-ы халықаралық аккретациялық агенттіктердің аккредитациясынан сәтті өтті. Бірнеше оқу бағдарламалары «EUR-ACE® Label» еуропалық сапа белгісін иеленген. ҚазҰУ қос диплом бойынша шетелдік жетекші жоғары оқу орындарымен 70-тен аса бағдарламаны жүзеге асырып отырған жалғыз университет, — деді ҚазҰУ ректоры.

Экономиканы жаңғырту және өндіріске мамандарды даярлауға бағытталған 4.0 мемлекеттік даму бағдарламасы аясында осы оқу жылында ҚазҰУ-да «Е-коммерция», «Сандық лингвистика», BIG DATA, «Жасанды интеллект«, «Геоинформатика», «Интернет бұйым», «Биоинформатика» және тағы басқа жаңа білім беру бағдарламалары енгізілді. Сонымен қатар АХҚО және Бенхалиф Университетімен (Катар) бірлесе ислам қаржысы және банкинг бойынша бағдарламалар ойластырылып жатыр. Ағылшын тілінде 162 мамандық оқытылады.

Ірі жоғарытехнологиялы корпорациялар университеттің зерттеу және білім беру жұмыстарын бірлесе атқаруға ниет білдірді. ҚазҰУ-да Hewlett-Packard, Cisco, Koniсa Minolta, Fujitsu, Samsung, Alcatel, Microsoft, «Касперский зертханасы», Huawei, SAP және тағы басқа әлемдік компаниялардың 16 ғылыми-білім беру орталықтары құрылды.

ҚазҰУ есеп беру
Фото: kaznu.kz

Ғалымқайыр Мұтанов халыққа есеп беру барысында Алматы тұрғындары мен БАҚ өкілдерінің, оқытушылардың, студенттердің және ата-аналардың сұрақтарына жауап берді.