Шымкент көшелерінің қауіпсіздігін жасанды интеллект бақылайды

Шымкент көшелерінде қауіпсіздікті күшейту мақсатында жасанды интеллекті бар бірыңғай бейнебақылау жүйесі құрылады.

«Қауіпсіз қала» жобасы аясында мегаполисте бақылау камераларының саны 479-ға дейін артып, интеллектуал қиылыстар саны 21-ге дейін ұлғайтылды. Талдау нәтижелері бұл жұмыстар қала көшелерінде жасалған қылмыс деңгейін шамамен 17%-ға төмендетуге мүмкіндік беріп отырғанын көрсетті», — делінген Шымкент әкімдігінің ресми сайтында.

Бүгінгі таңда жергілікті билік нейрондық желілер мен жасанды интеллект технологияларын қолдануға қызығып отыр. Қала бойынша бейнебақылау жүйесін құру туралы келісім жасалып жатыр.

Келісім бойынша Астанада енгізілген «Сергек» бейнебақылау жүйесін осы жылдың қыркүйегінде Шымкентке бейімдеу жөнінде пилот жоба жүзеге асырылады. Бейнебақылау жүйесі қаланың қылмыстық ахуалы мәз емес 30 аумағына орналастырылады.

Жылдың басында қала жолдарының қозғалысы ең көп 10 қиылысына ереже бұзушыларды автоматты түрде анықтайтын жүйе орнатылғанын айта кету керек.

«Интеллектуал қиылыс» жүйесінің басты ерекшелігі — жол-көлік оқиғаларына тікелей себеп болатын құқықбұзушылықтарды анықтау.

Оңтүстіктегі мегаполисте техникалық қызмет басқармасының қызметкерлері жол қауіпсіздігіне қатысты барлық техникалық құрал-жабдықты тексермек.

Ақылды технологиялардың енгізілуі күнделікті өміріміздің барлық саласына оң ықпалын тигізіп отыр. Соның ішінде көлік секторында уақыт шығыны азайды, медициналық көмек жақсара түсті, білім жүйесінде бағдарламаларға дербес түрде қол жетті.

Дереккөзbaq.kz