12 жастағы Данэлия Төлешова — BraVo музыкалық сыйлығының лауреаты, «Украина дауысы» байқауының IV маусымының жеңімпазы. Балалар арасындағы «Новая волна-2015» байқауында  көрермен көзайымы номинациясын да жеңіп алды. Оның орындауындағы Stone Cold әні YouTube желісінде 26 миллион рет қаралған.

Данэлия, сені жеңісіңмен құттықтаймын! Қуанышты хабарды естігенде қандай сезімде болдың?

Бұл — сөзбен айтып жеткізе алмайтын сәт. Мен осы байқауды жеңіп, Junior Eurovision-2018 байқауына баратыныма өте қуаныштымын. Байқауға қатысқан барлық өнерпазбен танысқаныма, олармен бір сахнада өнер көрсеткеніме мақтанамын. Қобалжығаныма қарамастан мен өз мүмкіндігімді көрсетуге барынша тырыстым. Әрине, бұдан да жақсырақ өнер көрсетуге болар еді. Бірақ жалпы орындауым жаман болмады деп ойлаймын. Финалда маған қолдау көрсетіп, дауыс берген адамдарға алғысымды білдіргім келеді, бәріңізді құшақтаймын! Енді жақсылап дайындалып, Қазақстанның атынан бұдан да күшті өнер көрсетуге уәде беремін.

Данэлия Төлешова
Данэлия Төлешова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Концертте ән айтып тұрып көзіңе жас алдың. Орындаған әніңнің мағынасына тоқталсаң?

Байқауда орындаған әнім «Өзіңе сен» деп аталады. Өзіне сенімсіздік көбіне жасөспірімдерде болатындықтан бұл — өзім сияқты балаларға арналған мотивациялық ән. Әнін Иван Лопухов жазды. Ал сөзін жазуға әдеттегідей ақын Камила Дайырова көмектесті. Біз осы әннің сөзіне мән беріп, жақсы шыққанын қалап, түнімен ұйықтамай жазып шықтық. Сондықтан Камила Дайыроваға алғысымды айтамын.

Данэлия Төлешова
Данэлия Төлешова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Ән авторларының ішінде өзің де барсың ғой?

Біз «Өзіңе сеннің» сөзін Камила Дайыровамен бірлесіп жаздық. Текст жазбас бұрын авторлар менен немен айналысатынымды, нені ұнататынымды сұрады. Осы арқылы әнге жасөспірімдерге қызық болатын тақырыпты қосқымыз келді. Байқау шарттары бойынша әннің сөзі 60% қазақша, 40% ағылшынша болуы керек. Мен ағылшынша текстін жазуға қатыстым. Сөйтіп, жаңа әнді 4 күнде жаттап, дайындалдым. Уақыт тығыз болды, себебі мен арасында ауырып қалдым. Байқауға аз уақытта дайындалғаным өзіме үлкен тәжірибе болды. Айтпақшы, мен Минскіде осы әнді орындаймын.

Данэлия Төлешова
Данэлия Төлешова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

«Балалар Евровидениесі» туралы не білесің?

Ұлттық іріктеудің финалында өнер көрсеткен Мария Затварницкая, Мұхамедәлі Жүгінісов және тағы басқа өнерпаздармен бірге өткен жылы «Балалар Евровидениесіне» барғанбыз. Әрі Қазақстанның деңгейін көрсету мақсатында  біз байқаудан тыс концертте ән айттық. Одан бөлек арнайы билет сатып алып, қатысушылардың байқауға қалай дайындалатынын көрдік. Осы арқылы халықаралық конкурстың атмосферасын сезіндік. Енді сол атмосфераны қайта сезінуге асықпын.

Данэлия Төлешова
Данэлия Төлешова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

«Балалар Евровидениесіне» қатысқан басқа 9 қатысушымен дос болып кеткендерің байқалып тұрды. Олар туралы не айтасың?

«Балалар Евровидениесіне» менімен қатысқан балалар өте талантты. Әрқайсысы — жеке тұлға, жеке әнші. Біз бәсекелес болмадық, біз дос болдық. Тіпті, біз финал басталғанда жүргізушілерден бөлек өзіміз 10-нан 1-ге дейін санап, бір шыңғырып алдық. Бізді ешкім естіген жоқ, бірақ бұл біздің байқауалды жаттығуымыз болды. Себебі бәріміз қобалжыдық.

Junior Eurovision-2018
Junior Eurovision-2018. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Байқауға 10 күн қалғанда қатысушылармен бәріміз бірге дайындалдық, қыдырдық, тіпті, бірге тұрдық. Осылайша аз уақыттың ішінде бір-бірімізге бауыр басып қалдық. Сондай дарынды, еңбекқор, өнерді сүйетін, ашық-жарқын балалармен танысқаным үшін ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Олармен әлі талай бір сахнада ән айтатынымызға сенемін. Бәріне сәттілік тілеймін.

Соңғы уақытта қай ән жүрегіңнен орын алды? Сүйіп тыңдайтын әншілеріңді аташы?

Мен әртүрлі жанрдағы әндерді тыңдаймын, күн сайын музыкамен өмір сүремін. Осы арқылы өзімнің жанрымды іздеуге тырысамын. Атап айтсам, Beyonce, Ariana Grande, Monatik-тің әндерін жақсы көремін. Қазір Monatik пен Надя Дорофееваның орындауындағы «Глубоко» әнін қайта-қайта жалықпай тыңдап жүрмін.

Junior Eurovision-2018
Junior Eurovision-2018. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қазақстан ересектер арасындағы «Евровидение» байқауына қатысатын болса, кімнің барғанын қалар едің?

Қазақстан «Евровидение» байқауына қатысуға мүмкіндік алатынына күмәнім жоқ. Мен біздің елден Димаш Құдайбергеннің барғанын қалаймын. Егер Димаш байқауға жолдама алса, мен оны қолдаймын. Қазақстанда отырып, ол үшін тілектес боламын.

Данэлия Төлешова
Данэлия Төлешова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Данэлия, сенің әр күнің қалай өтеді?

Таңертең әдеттегідей жуынып, таңғы асымды ішкен соң математикадан қосымша сабаққа барамын. Менің әр таңым математика сабағынан басталады. Вокал сабақтары көбіне сенбі, жексенбі күндері болады. Таңертең математикаға барсам, түскі 14.00-ден 20.00-ге дейін мектепте боламын. Сондықтан сабақ күндері вокал дайындықтарына бара алмаймын. Ал бос уақытымда сурет саламын.

Рахмет! Сәттілік тілейміз!

Еске сала кетейік, 1 тамызда «Хабар» агенттігі Junior Eurovision-2018 халықаралық ән байқауына қатысу үшін үміткерлердің республикалық іріктеуін бастаған болатын. Ал 7 қыркүйекте республикалық іріктеудің бірінші кезеңінен өткен 10 финалистің есімі жарияланды. Енді жеңімпаз Данэлия Төлешова 25 қазанда Минскіде Қазақстанның атынан өнер көрсетеді. 15 жылдық тарихы бар байқауға биыл Қазақстан алғаш рет қатысқалы отыр.

Junior Eurovision-2018
Junior Eurovision-2018. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Junior Eurovision Song Contest халықаралық ән байқауы — 9-дан 14 жасқа дейінгі орындаушылар қатысатын «Евровидениенің» аналогы. Биыл жарысқа 19 ел қатысады. Бұл — жарыс тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Қатысушы елдер қатарында Албания, Армения, Австралия, Әзірбайжан, Беларусь, Франция, Македония, Грузия, Ирландия, Израиль, Италия, Қазақстан, Мальта, Польша, Португалия, Ресей, Сербия, Нидерланды, Уэльс бар. Қазақстанмен қатар Уэльс те «Балалар Евровидениесіне» алғаш рет қатысады.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!