Мұхтар Тайжан: Қазақ тілінде сөйлеп, қазақша қызмет көрсетуді талап етіңдер

“Орыстілді қалалық қазақтарға қарап айтамын. Ана тілдеріңде акцентпен сөйлетіндерің маңызды емес. Жарты Америка ағылшын тілінде акцентпен сөйлейді. Бұл сендердің тілдерің, ата-балаларыңның тілі. Біз ана тілімізді қорғауымыз керек”, – деп сөзін бастады Тайжан.

Қоғам белсендісі орыстілділерді қазақша дұрыс сөйлей алмаймын деген комплекстен арылуға шақырды.

“Орыстілдімін деген комплекстен арылу керек. Шынымен ниеттерің болса, үйренесіңдер, мен сияқты! Ана тіліміз қанымызда бар… Иман – жүрегімізде! Жүректерің қазақ болса, ана тіліне, діліне ораласыңдар, амандық болса!”, – деп кеңес берді Тайжан.

Мұхтар Тайжан қазақ тілінің жағдайын жақсарту жолдарын ұсынды.

“Орыстілді патриот қазақтар, сауаты және уақыты бар қазақтар қаладағы қазақ тілі үшін күрес бастауы керек. Ауылда тілімізден ешқандай мәселе туындап тұрған жоқ. Алайда қаладағы ана тілімізге біздің көмек қажет. Оның жағдайын көтеру үшін біз бар емеспіз бе?”, – дейді ол.

Қоғам белсендісі заң біздің жақта екенін алға тартты.

“Заң да біздің жақта. Тілдер туралы, тұтынушылар құқығы туралы заң бар. Ол заңдарға сәйкес, біз, Қазақстан азаматтары қазақ тілінде қызмет көрсетуін талап етуге құқылымыз. Қазақ тілінде сөйлеп, қазақша қызмет көрсетуді талап етіңдер”, – дейді Тайжан.

Тайжан қазақ тілінде сөйлегені үшін қысым көрген кез-келген тұрғынға көмектесуге әзір екенін алға тартты.

“Егер қалада сізге қалауыңыз бойынша қазақ тілінде қызмет көрсетпесе, маған Facebook парақшама жазуларыңызды сұраймын. Мен жеке өзім келіп, сотқа олардың үстінен шағым түсіретін боламын. Сұрауыңыз бойынша қазақша жауап бермеген кез-келген кафеге бірнеше млн теңге айыппұл салатын болсақ, өздері-ақ бізге мемлекеттік тілде қызмет көрсететін болады”, – деп түйді ол.

ДереккөзҚазақ үні