Басты бетЖаңалықтарТимур Жақсылықов...

Тимур Жақсылықов Президенттің көмекшісі болып тағайындалды

Тимур Жақсылықов Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы жарлық Ақорданың сайтында жарияланды.

Тимур Мекешұлы Жақсылықов Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі болып тағайындалсын, — делінген ҚР Президентінің жарлығында.

Тимур Жақсылықов 1968 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған.

ҚР Премьер-министрі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол 1993 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тарих мамандығы бойынша тәмамдап, 1997 жылы Страсбург саяси зерттеулер институтының (Франция) магистратурасын бітірді. 2003 жылы Қазақ экономика және қаржы институтынан экономика мамандығы бойынша білім алып шықты.

Еңбек жолын 1993 жылы Семей бизнес және кәсіпкерлік институтының атқарушы директоры болып бастады. Әр жылдары ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің бас маманы, бөлім бастығы, Президент әкімшілігі Талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының сектор меңгерушісі, ҚР Қауіпсіздік кеңесі Талдау орталығының бөлім меңгерушісі, Президент әкімшілігі Жүйелі зерттеулер орталығы басшысының орынбасары, ҚР Индустрия және сауда министрлігінің Дүниежүзілік сауда ұйымына ену жөніндегі департаментінің директоры, Женевадағы Дүниежүзілік сауда ұйымы мәселелері жөніндегі топ өкілдерінің жетекшісі, «Маркетингтік-талдау зерттеулер орталығы» АҚ басқарушы директоры, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі «Экономикалық зерттеулер институты» РМК директорының міндетін атқарушы, «Астананың тұрақты даму орталығы» ЖШС директоры қызметтерін атқарды.

2007-2009 жылдары Тимур Жақсылықов Астана экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры, Астана әкімінің орынбасары лауазымдарында болды.

2009-2010 жылдары ҚР Индустрия және сауда вице-министрі қызметін атқарды.

2010 жылдың сәуірінен тамызына дейін ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Инвестициялар жөніндегі комитетінің төрағасы болды.

2010-2012 жылдары «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ басқарма төрағасы, ҚР Экономикалық даму және сауда министрінің орынбасары лауазымдарында болды.

2014-2017 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары қызметін атқарды.