Биылдан бастап күшіне енген ДСҰ мүшелігінің артықшылықтары қандай?

1996 жылы айқындалған сыртқы саясаттағы басымдыққа 20 жылдан соң, яғни 2016 жылдың 1 қаңтарынан қол жеткізіп отырмыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздердің сәтті аяқталғанын тарихи маңызды оқиға ретінде бағалап: «Еліміз аса маңызды тағы бір тарихи оқиға қарсаңында тұр. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздерді табысты аяқтадық. ДСҰ-ға мүше болу — күллі Қазақстанның жемісі. Бұл — еліміздің жаһандық экономиканың бөлінбес бөлшегі ретінде мойындалуының айғағы» деген болатын.

Жалпы халықаралық сауда-саттық мәселесіне келетін болсақ, тәуелсіз Қазақстан өзінің өткен тарихында ашық экономикалық саясат ұстанып, соның нәтижесінде бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Экономикамыздың құрылымы да айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Қазақстанның жан басына шаққандағы Жалпы ішкі өнімі де Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің деңгейімен теңесті. Сыртқы сауда көлемі 120 миллиард доллардан асса, Қазақстан әлемнің 185 мемлекетімен сауда-саттықты жолға қойған. Соның ішінде сыртқы сауда айналымының 90 пайыздан астамы да өзіміз жаңа мүше болып отырған ДСҰ елдеріне тиесілі екен. Бұдан бөлек, Қазақстан бизнесті өркендету ісіне де белсене ден қойды. Мәселен, былтырғы жылы Қазақстан әлемдегі 189 ел экономикасы ішінде 41-ші позицияға орнықты. «Doing Business» рейтингінде еліміз бизнестегі реформаны мейлінше көбірек жүзеге асырған мемлекет ретінде аталды. Дүниежүзілік банк Қазақстанда жүргізіліп отырған реформалардың бизнесті жақсартқанын атап өтеді. Осындай ауқымды жұмыстар нәтижесінде Қазақстан инвестициялар үшін ең қолайлы елдердің бірі ретінде мойындалды.

Осындай жағдайда ДСҰ мүшелігіне қабылданып, халықаралық ережелерге сай сауда жасау елімізге не береді деген мәселеге тоқталсақ. Жалпы ДСҰ-ның басты ерекшелігі — мүше мемлекеттер өздері жауапкершілікке алған ортақ қағидатты ұстанып, сауда-саттықта біркелкі тәртіптер бәрі үшін бірдей қолданады. Бұның мемлекеттер, алпауыт трансұлттық компаниялардан бастап қарапайым халық үшін де маңызы зор. Өйткені, Ұйым аясында сауда тетігі ажыратылып, тауарлар белгіленген тәртіп шеңберінде еркін айналады, соның нәтижесінде бәсекелестік күшейіп, баға мен сапада озғандар дүниенің сапырылысқан саудасында «кірпіш болып» қалана алады.

Сосын ДСҰ — елдер арасындағы еркін сауда мен ашықтық қағидаттарын басшылыққа алатын, мүше мемлекеттері арқылы халықаралық сауда ережелерін ендіруге арналған халықаралық ұйым. Негізгі мақсаты бірыңғай сауда жүйесін құру болып табылатын Ұйым көпжақты келіссөздер бойынша қатысушы-мемлекеттермен өзара келісілген қағидаттарды басшылыққа алып, мемлекеттердің бір-бірімен әділетті және еркін бәсекелестік шартында сауда жасасуын қолдайды һәм соған жағдай жасайды. Ұйым шеңберінде ашықтық қағидаты да қатаң қаралады. Айта кетерлігі, ДСҰ ережелері саясаттан тыс, тек қана сауда-экономикалық мүдделер мен мәселелерді реттейді. Оның басты мақсаты қандай да бір болсын нәтижелерге қол жеткізу емес, тек қана халықаралық сауданың жалпыға ортақ қағидаттарын белгілеу болып табылады. Декларацияға сәйкес ДСҰ жұмысы негізінен бірқатар қағидаттарға арқа сүйейді. Атап айтқанда, олар, бірінші — жалпыға ортақ тең құқылық. Бұл ретте ДСҰ-ның барлық мүшелері бір-біріне саудада неғұрлым қолайлы жағдайды ұсынуы тиіс. Мұның өзі ДСҰ-ның бір мүшесіне берілген преференциялар қалған барлық мүшелеріне де ортақ екендігін білдіреді. Яғни, сауда-саттықта «үлкен кіші мемлекет» деген болмайды, елдердің бәрі тең қағидатқа мойынсұнады. Екінші — өзара әрекеттестік. Осы бойынша екіжақты саудадағы шектеуді азайту жөніндегі барлық әрекет екінші тараптан да қолдау тауып, өзара әрекеттестікке айналуы тиіс. Үшіншіден, ашықтық немесе мөлдірлік. Бұған сәйкес, ДСҰ мүшелері өзінің сауда ережелерін толықтай жариялауы және оның ДСҰ-ның басқа мүшелеріне берілген ақпараттар үшін жауап беретін органдары болуы тиіс. Төртінші — қолданыстағы міндеттемелерді құру. Бұл ретте мүше елдердің сауда тарифтері жөніндегі міндеттемелерін елдердің бір-бірімен өзара қарым-қатынасы емес, негізінен алғанда, ДСҰ-ның басты органдары реттейді. Ал қандай да бір елдің нақты секторында сауда жағдайды нашарлатылатын болса, осыдан зардап шеккен жақ басқа секторлардан өзіне өтемақы талап ете алады. Бесіншіден — қорғаныс  «қақпақшалары». Бұған сәйкес, кейбір жағдайларда үкімет сауда шектеулерін енгізе алады. ДСҰ келісімі оның мүшелеріне тек қоршаған ортаны қорғауда ғана емес, сонымен қатар, адамдар денсаулығын сақтауда, жануарлар мен өсімдіктерді қорғауда да шараларды қолдануға мүмкіндіктер береді.

Тоқ етері ДСҰ арқылы мүше мемлекеттерде өндірілген сапалы әрі бағасы бәсекелесе алатын тауар өз иесін табады. Сондықтан да, жаһандық ұйымның қатарына қосылған Қазақстан үшін бұл жол дамудың даңғылы ғана емес, үлкен сынақтар алаңы екені белгілі. Сондай-ақ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына ұмтылатын әрі әлемнің озық отыз мемлекетінің қатарына енуді стратегия ретінде айқындаған Қазақстан үшін ДСҰ аясында даму аса маңызды. Өйткені, ортақ сауда жүйесіндегі мүмкіндіктер мемлекеттердің белсенділігіне ғана емес, отандық бизнестің, қазақстандық өндірістің бәсекелестігіне көбірек байланысты, ендеше бәсекеде бекем болуы үшін ең алдымен сапа мен баға көңілден шығуы шарт.

Ал ДСҰ-ның Қазақстан үшін артықшылықтары деген мәселеге келсек, сарапшылар оның бірқатар басымдықтарын алға тартады. Мәселен, Ұйымға қосылу арқылы Қазақстан сапырылысқан сауданың нарығына енеді. Яғни, еліміздегі шағын және орта бизнес өз өнімдерін әлемдік рынокқа ешбір кедергісіз шығаруға мүмкіндік алады. Әрине, баға мен сапа жағынан бәсекеде озық болатын тауарларға еш кедергі болмайды. Осылайша, қазақстандық кәсіпкерлер жаһандық сауда нарығына өтеді. Бұл үшін Ұйымның басқа мүшелері өз елдерінде қазақстандық тауарларға да бірдей кепілдіктер береді.

Екінші маңызды мәселе — Ұйымға мүше болған Қазақстан үшін экономикаға шетелдік инвестицияны көптеп тарту мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Айта кетерлігі, соңғы он жылда Қазақстан 208 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартқан. Тек 2014 жылдың өзінде ғана еліміздің экономикасына келген тікелей шетел инвестициясы 23,9 миллиард теңгені құрап отыр. Яғни, тұтастай алғанда елімізде соңғы жылдары инвестициялардың тұрақты өсімі тіркеліп келеді. Ал ДСҰ-ға мүшелік еліміз үшін инвесторлар тартымдылығы тұрғысынан қосымша күш болмақ. Шетелдік сыртқы капиталдың көптеп келуінен болатын еліміз үшін артықшылықтар айтпаса да түсінікті. Бұл ғана емес, Қазақстанның инвесторлары да ДСҰ мүше мемлекеттеріне емін-еркін кіре алады. Сонымен қатар, әлемдік сауда режиміндегі алыс-беріс пен сапырылыс барысында туындайтын дау-дамайлар да халықаралық мойындалған сапада шешімін табады. Яғни, Қазақстан сауда саласында дауларды шешудің әлемдік тәжірибесіне қадам жасайды деген сөз. Елімізде алдағы уақытта «Астана Халықаралық қаржы орталығы» құрылатынын, өңірдегі исламдық қаржыландырудың хабына айналу мүддесін ескерсек, ондай тәжірибенің қазірден болуы аса маңызды.

Осының бәрі тұтастай мемлекет үшін маңызды. Ал қарапайым халыққа келсек, ел арзан әрі сапалы тауарлармен тұтынуға қол жеткізеді. Соның ішінде елдегі ұялы байланыс операторларына қатысты мәселе бірінші кезекте өзгеріске ұшырайтыны айтылады. Яғни, ұялы байланыс пен интернет біршама арзандайтыны, қолжетімді бола түсетіні көзделеді. Осыған байланысты телекоммуникация қызметтері секторы ырықтандырылады. Айта кетерлігі, бүгінгі күні қалааралық және халықаралық байланыс қызметтерін жеткізуші компанияларға шетелдік капиталдың қатысуына шектеулер бар, яғни қатыстырылатын шетелдік капиталдың мөлшері 49 пайыздан аспауы шарт. Алайда, бұндай шектеулер Қазақстан ДСҰ-ға өткеннен кейінгі алдағы 2,5 жылда жойылады. Тек ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан «Қазақтелеком» АҚ-қа ғана бұндай шара қарастырылмайды. Сосын шетелдік банктер енді бес жылдан кейін өздерінің филиалдарын Қазақстанда ашуға мүмкіндік алатын болады. Тұтастай алғанда бұл халық үшін жағымды құбылыс болмақ. Өйткені, шетелдік қызмет көрсетуші компаниялардың нарыққа енуі бәсекелестікті арттырады, сәйкесінше баға да арзандап, сапа жақсармақ. Кедендік алымсыз елге енетін тауарларға, бәсекелестік арқасында сапалы өнімдерге сұраныс арта түседі. Бұл ретте ДСҰ Бас директоры Роберто Азеведоның: «Ұйымға кірудің артықшылықтары — жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың табысын арттыру, тұрмыс деңгейін жақсарту. Бұл — сіздердің соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктеріңіз бен жұмсаған күш-жігерлеріңіздің мойындалуы. Бұл — реформалардың кешенді бағдарламасының қисынды нәтижесі, Қазақстанның бизнес үшін ашық екені туралы бүкіл әлемге жолдауы» дегені де еске түседі. Шындығында, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына енуі биылғы жылдың ғана емес тұтастай ел тарихындағы аса маңызды оқиғалардың, елеулі өткелдердің бірі болмақ. Өйткені, ДСҰ арқылы Қазақстан әлемдік сауданың элитасына енеді деген сөз.

Дереккөзinform.kz