Қазақстанда мемлекеттік органдардың бірыңғай сайты құрылады

Қазақстанның мемлекеттік органдарының бірыңғай сайты құрылады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты.

«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңға сәйкес барлық орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органның ресми интернет-ресурстарының болуы міндетті. Бүгінде олардың саны — шамамен 300. Сонымен қатар осы ресурстарды мониторингілеу аясында жыл сайын мемлекеттік органдардың ашықтығы сапасына және халықаралық рейтингтерге әсер ететін бірқатар проблема анықталды, — деді министр.

Дәурен Абаев көбіне мемлекеттік органдардың ресурстарына орналастырылған ақпараттың өзекті емес немесе толық емес болатынын айтты. Бұған қоса, сілтемелердің белсенді емес болуы, ақпараттың дұрыс көрсетілмеуі кездеседі. Сайттарда көру қабілеті нашар адамдарға арналған қызмет толық іске асырылмайды. Барлық талап етілетін ақпараттың қазақ және ағылшын тіліндегі нұсқалары болмай жатады. Ал жыл сайын мемлекеттік органдарды хостинг, контент, серверлік жабдықтар, бағдарламалық қамтылымдар жағынан қамтамасыз етуге бюджеттен көп қаражат жұмсалады.

Ақпаратпен қамтамасыз етудегі барлық проблеманы шешу үшін кешенді тәсіл қажет екенін түсінеміз. Осы мақсатта министрлік мемлекеттік органдардың бірыңғай сайтын құру жұмысын жүргізіп жатыр. Біз бұл ретте Ұлыбританияның тәжірибесіне сүйеніп отырмыз. Сонымен қатар Канада, Жаңа Зеландия сияқты елдердегідей бірыңғай ресурс қажет деп есептейді. Азаматтар үшін ыңғайлы «бір терезе» сервисі пайдаланушыға қажетті ақпаратты бір ресурстан табуға мүмкіндік береді, — деді Дәурен Абаев.

Министрдің мәліметінше, бірыңғай сайтты құру жыл сайын ақпараттық ресурстарды әзірлеу мен сүйемелдеуге бөлінетін шығыстарды екі есе қысқартуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдар орналастыратын ақпаратты біріздендіруді қамтамасыз етеді.

Жобаны іске асыру үшін, әрине, заңнаманы өзгертуге, дизайнды, құрылымды, контентті пысықтауға уақыт талап етіледі. Бірақ қорытындысы бойынша біз айтарлықтай нәтиже күтеміз. 2019 жылдың ішінде орталық мемлекеттік органдардың, 2020 жылдың ішінде жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарын бірыңғай платформаға көшіру жоспарланып отыр, — деді Ақпарат және коммуникациялар министрі.

ДереккөзInform.kz