Алматыда жастарды мемлекеттік қызметке даярлайтын мектеп ашылды

Алматы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен және ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Алматы филиалымен бірлесе отырып Мемлекеттік қызмет мектебін ашты.

Болашақ мемлекеттік қызметкерлерге кәсіби мамандар, саясаттанушылар, блогерлер және қоғамдық кеңес мүшелері сабақ береді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы «Өзгерісті өзіңнен баста» жобасы аясында өтетін сабақтар 3 айда 30-ға жуық тәлімгерге мемлекетке қызмет етудің қыр-сырын үйретеді.

Дәурен Бабамұратов
Фото: «Жастар үні» қоғамдық бірлестігі

Бас ұйымдастырушы Дәурен Бабамұратовтың айтуынша, мектептің жоғары оқу орындарынан басты айырмашылығы — мұнда қатысушылар мемлекеттік қызметтің басы-қасында жүрген тәжірибелі мамандардан сабақ алып, мәдени, спорттық шараларға қатысу мүмкіндігіне ие болады.

Арнайы оқу бағдарламасын жасадық. Жастар өзінің білімдерін шыңдап, мемлекеттік қызметке дайындалады деп ойлаймыз. Алдағы 3 ай бойы жастарды оқытамыз. Содан соң желтоқсан айында тиісті сертификаттарын алады. Артынша мемлекеттік қызметке тест тапсырады, — дейді Алматы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Дәурен Бабамұратов.

Тест нәтижесі 1 жылға жарамды.

мектеп
Фото: «Жастар үні» қоғамдық бірлестігі

Айта кетейік, «Рухани жаңғыру» бағдарлама аясында 6 кіші бағдарлама айқындалған еді. Солардың бірі «Өзгерістерді өзіңнен баста« кіші бағдарламасын үйлестіру ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне тапсырылды.

Сабақ тақырыптары ауқымды. Қызмет кезінде өз-өзіңді ұстаудан бастап, конфликт-менеджмент, тайм-менеджмент, кез келген ортада сөйлеу мәнері мен шешендік өнер үйретіледі. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың түрлері, иерархиясы, нормативтік-құқықтық актілері де оқытылады. Оқыту кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске баса назар аударылады, — дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы департаментінің басшысы Данияр Таумұрат.

Мемлекеттік қызмет мектебі жоғары оқу орындарының соңғы курсында оқитын студенттерге мемлекеттік органнан тағылымдамадан өтуге, болашақта сол қызметте тұрақтауына мүмкіндік береді.

мемлекеттік қызмет мектебі
Фото: «Жастар үні» қоғамдық бірлестігі

Алматыдағы ірі жоғары оқу орындарының көптеген студенті мектепте білім алуға ниет білдіріді. Олардың айтуынша, Қазақстанның мемлекеттік қызмет істерінде шешілмей жатқан мәселелер көп.

Болашақта мемлекеттік қызметте жұмыс істегім келеді. Қазақстандағы көптеген саланың дамуын шектейтін — жемқорлық. Мақсатым сол мәселенің шешілуіне, туған ауылымның көркеюіне өз үлесімді қосу. Осы мектепте бәрін тәжірибе жүзінде көріп, біліп, мамандардан сабақ алсақ болашақта қызметке тұруға мүмкіндік ашылады деп ойлаймын, – дейді 4-курс студенті Жарылқасын Сақтаған.

Нұрсұлтан Назарбаев «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында кадр дайындауда олардың өндірістік тәжірибеден өтпей, студенттердің сұранысқа ие емес мамандықта оқуын айта отырып, қажет кадрлардың теория мен тәжірибені ұштастырып, білім алуын тапсырған.

Цифрландыру еңбек нарығында қамтылған мамандықтар құрамына қойылатын өндірістік талаптардың қолданыстағы жүйесінен айтарлықтай озып отыр. Еңбек нарығы мен білім беру жүйесі арасында жедел байланыстың болмауы бір мезгілде талап етілмеген кадрларды даярлауға және «өлмелі» мамандықтар бойынша кадрлардың босауына әкелуі мүмкін. Білім берудің барлық деңгейінің мазмұнын барлық мамандардың цифрлық дағдыларын дамыту арқылы толығымен қайта қарау қажет, — делінген бағдарламада.