Мемлекет басшысы су тасқынынан кейін өңірлерді қалпына келтіруге 5 ай уақыт берді

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІІ сессиясында су тасқынының зардаптары мен қалпына келтіру жұмыстары туралы айтты.

Топан су кеткен соң одан зардап шеккен аймақтар қалпына келтіріледі. Ең алдымен, азаматтарға шығындарын өтеу үшін тиісті өтемақы төленеді. Үй-жай құрылысы басталады, баспана беріледі, бүлінген инфрақұрылым жөнделеді. Осы қыруар жұмыс өте аз уақытта, яғни жаз бен күздің бес айында аяқталуға тиіс. Бірақ біз бірлесіп, бұл шаруаны абыройымен атқарып шығамыз деп сенемін, — деді мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, алапат тасқынның кесірінен мыңдаған адам мал-мүлкінен айырылып, табыссыз қалды. Сондықтан мемлекет азаматтарды қолдау үшін нақты шаралар қабылдап жатыр.

Зардап шеккен әр шаңыраққа бір реттік көмек беріледі. Бұдан бөлек, шығынды санағаннан кейін жойылған немесе зақымдалған мүлік үшін де өтемақы беріледі. Мемлекет бүлінген баспаналарды жөндейді, қирап қалған үйлердің орнына жаңасын салады. Сонымен бірге өзен жағасына үй салу қауіпті, оны қайтадан су шайып кетуі мүмкін екенін ескерген жөн. Сондықтан құрылыс салатын жерді таңдағанда елді мекеннің гидрологиялық және географиялық ерекшелігін қаперде ұстаған абзал. Әкімдіктер тиісті ереже талаптарын қатаң сақтауға тиіс. Алдағы ауқымды құрылыс жұмыстары жұртқа жаңа мүмкіндіктер береді деп ойлаймын, — деді президент.