Ақтөбеде 24 адамды кене шақты

Ақтөбе облысында 24 адамды кене шақты. Эпизоотиялық бақылау мақсатында қазір кене жинау жұмысы жүріп жатыр.

Бұл туралы Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің басшысы Туғанай Нұрғалиева мәлімдеді.

Ақтөбеде кене шаққан 24 адам дәрігер көмегіне жүгінген. Олардан ауру белгілері анықталмады.

Кене шаққанда туляремия, Конго-қырым қанды безгегі аурулары жұғуы мүмкін. Ақтөбе облысының аумағы Конго-қырым геморрагиялық қызбасы, бүйрек синдромды геморрагиялық қызбасы бойынша эндемиялық аймаққа жатпайды. Дегенмен Алға, Әйтеке би, Ырғыз, Қобда және Ойыл аудандарында туляремияның табиғи ошақтары бар. Барлығы 38 елді мекен осы аумақта орналасқан. Сондықтан эпозоотиялық бақылау мақсатында кене жиналып, зерттеледі. Қазіргі кезде 1 100 кене жиналды. Осы аумақта өңдеу жұмысы да жүреді, — деді Туғанай Нұрғалиева.

Кене шаққан адам тұрғылықты жері бойынша тіркелген емханаға баруға тиіс. Сол кезде 21 күн бақылауда болады. Сонымен бірге кенені зертханаға тапсыру керек.