ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин палатаның жалпы отырысында көрермендердің сүйікті фильмдерін ұлттық деп тануды ұсынды.
«Кинематография туралы» заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс спикері ұлттық стандарттарға сай келмейтін, бірақ халық сүйіп көретін фильмдерге шектеу қоймау керек екенін айтты. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, егер фильм биік көркемдік деңгейде жасалған болса, халықтың рухани қажеттілігін қанағаттандыруға, мемлекеттік мүддеге қызмет етіп, Қазақстанды өнер арқылы танытуға лайық болса, заң жобасында ол ұлттық фильм деп танылуы керек.
Бүгінде сондай қауіп бар. Егер мазмұн жағына тоқталсақ, заң жобасында көрсетілген өлшемдер бойынша фильмдер мәртебе алу үшін ұлттық комиссиядан өте алмауы мүмкін. Бірақ олар халық арасында өте танымал болуы да мүмкін, яғни бірінші кезекте идеологиялық жағы болмауы мүмкін, мысалы, «Тағдыр тәлкегі немесе Буыңыз жеңіл болсын!» — Владимир Карповичтің (депутат Божко) сүйікті фильмі. Алғашқы комиссия одан этикалық және азаматтық нормаларды бұзудың тұтас үлгісін тапты. Қоғамдық орында алкоголь ішу, бөтен біреудің жеке мүлкі аумағына заңсыз кіру.., — деді Нұрлан Нығматулин.
Осы кезде заң жобасын таныстырып тұрған ҚР Мәдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Ең бастысы, онда біреудің әйелін алып кетеді» деп қалды. Депутаттардың ду күлгеніне қарап, Нұрлан Нығматулин «Мұндағы адамдардың реакциясына қарағанда, олар мұны заңсыздық деп есептемейтін сияқты» деп әзілдеді.
Мәдениет және спорт министрлігі «Кинематография туралы» жаңа заң жобасында фильмдердің прокат тілі мәселесіне айрықша мән берілетінін және АҚШ, Үндістан, Түркия сияқты әлемнің ірі киноөндірушілерімен серіктестік орнатуға көңіл бөлінетінін де айтты.