28 көркем және деректі фильм түсіріп жатырмыз – Мәдениет және спорт министрі

Биыл Мәдениет және спорт министрлiгі елiмiздiң мәдениетi мен тарихы, көрнектi қайраткерлерi мен тарихи тұлғалары туралы баяндайтын фильмдер түсіруді қолға алды.

Фильм түсірілімі, Балуан Шолак
©Baq.kz

Жақында «Әмiре әнi» атты көркем фильм жарыққа шықпақ. Фильм әнші Әміре Қашаубаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған. Үкiмет үйiнде «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыру барысына арналған баспасөз мәжiлiсiнде ҚР Мәдениет және спорт министрi Арыстанбек Мұхамедиұлы бұдан өзге де фильм жобасы қолға алынып жатқанын айтты.

«Министрлiк елiмiздiң мәдениетi мен тарихы, көрнектi қайраткерлерi мен тарихи тұлғалары туралы баяндайтын кино – сериялары мен тележобаларын құру бойынша «Мәңгiлiк ел» кешендi жоспарын жүзеге асыруда. Жоспар шеңберiнде Тәуелсiздiк мерейтойына арналған 26 кинокартина таныстырылды. Аталған барлық туындылар халықаралық нарыққа прокатқа беруге бағдарланған және қазақстандық, шетелдiк көрермендер арасында жоғары сұранысқа ие. Бүгiнгi таңда 28 көркем және деректi фильм өндiрiсте, олардың iшiнде «Елбасы жолы. Астана» эпопеясының жалғасы, «Томирис», «Сұлтан Бейбарыс» фильмдерi, «Қазақ елi – 2» телехикаясы және тағы басқа тарихи жобалар бар. Жақында «Әмiре әнi» фильмiн таныстырамыз», – дедi министр.

Мәдениет және спорт министрлiгi «Қазақстанның киелi жерлерiнiң географиясы», «Жаһандық заманауи қазақстандық мәдениет», «Туған жер», «Қазақ тiлiн бiртiндеп латын әлiпбиiне көшiру» сияқты арнайы жобаларды да жүзеге асырмақ ниетте.