Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Алаяқтар лауазымды тұлғалардың атынан хабарлама жібере бастады

Фото: Ерқанат Аманкел
ІІМ азаматтарды алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертіп, күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдары басшыларының атынан хабарлама жіберетін алаяқтардан сақ болуға шақырды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, кейінгі уақытта алаяқтар мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде жалған аккаунттар ашып, күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдарының басшыларының аты-жөні мен фотосуреттерін заңсыз пайдаланып жүр.

Қаскөйлер өздерін лауазымды тұлға, бұрынғы әріптес немесе таныс адам ретінде таныстырып, түрлі сылтаумен шұғыл түрде ақша қарызға беруді сұрайды.

Полиция мұндай хабарламаларға сенбеуге және ақша аудармауға кеңес береді.

Ақша аударуды сұраған хабарламаларға, тіпті олар өзіңіз танитын адамның атынан келсе де, сенбеңіздер, – деп ескертті ведомство.

Сонымен қатар ішкі істер министрлігі азаматтарға жеке деректердің қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды ұсынды. Атап айтқанда, SMS арқылы келген растау кодтарын, банк картасының деректерін, құпиясөздерді және өзге де жеке мәліметтерді үшінші тұлғаларға беруге болмайды.

Полиция күмәнді хабарлама немесе қоңырау түскен жағдайда ақпаратты басқа байланыс арнасы арқылы нақтылап, қаржылық операциялар жасамауға шақырды.

Мақалаға реакция