ҚР Мәдениет және спорт министрі Астанада өтіп жатқан халықаралық туристік форум барысында Орталық Азия елдерінің арасында өз «шенген визасын» әзірлеудің маңызы жайлы айтты.
Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп туристік өнім шығаруды жоспарлап отыр. Екі ел өздерінде бар ресурстарымен бірін-бірі толықтырып отыр, — деді министр.
Оның айтуынша, Өзбекстан азаматтары түркі елдерінің қасиетті орны — Түркістанға, қазақстандықтар туризм маржандары — Бұхара, Самарқанд, Хиуа қалаларына барады.
Қазақстан Жібек жолы бойы аймағында туризмді дамыту үшін виза режимін жеңілдету мен әуе және көлік байланысын жақсарту секілді мәселелерді көтеріп отыр.
Қазіргі таңда Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы виза мәселесі шешіліп жатыр. Осы мәселеге Қырғызстан мен Тәжікстан да қызығушылық танытып отыр. Егер елдер өзара түсінісіп, ортақ келісімге келсе, алдағы уақытта Орталық Азия мемлекеттерінің «шенген визасын» әзірлеу мүмкін болады, — деді Мәдениет және спорт министрі Жібек жолына қатысушы елдердің «Бірлікке барар жолда» атты халықаралық форумында.
Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл бастама туристер ағынын көбейтіп, Жібек жолы бойындағы аймақтардың әлемге танылуына мүмкіндік беретінін айтты.