Мемлекеттік органдарды Түркістанға көшіруге 2,4 миллиард теңге бөлінеді

2019 жылы Қазақстан Үкіметі Түркістан облысы мемлекеттік органдарын Түркістанға көшіруге 2,4 миллиард теңге бөлгелі отыр. Бұл туралы Қаржы министрінің міндетін атқарушы Берік Шолпанқұлов хабарлады.

Министрдің міндетін атқарушы жаңа өңірлердің бюджеті туралы мәліметті Мәжілісте 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы таныстырылған кезде айтты.

Бюджет жобасы Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы мен республикалық маңызы бар қала — Шымкентке әкімшілік-аумақтық жағынан бөлу шығынын қарастырады, — деді ол.

Берік Шолпанқұловтың айтуынша, 2019 жылы бюджетпен қамтамасыз етілу деңгейін теңестіру үшін Шымкентке қосымша 1,2 миллиард теңге қарастырылып отыр. Тағы 2,4 миллиард теңгені Үкімет облыстың мемлекеттік органдарын Түркістанға көшіруге бөледі.

2019 жылы республикалық бюджет есебінен өңірлерге барлығы 2,6 триллион теңге бөлінеді, бұл — жалпы бюджет шығынының 24%-ы.

Еске салайық, биыл 19 маусымда Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы ретінде қайта құру және оның орталығын Шымкенттен Түркістанға көшіру туралы тарихи жарлыққа қол қойды. Тамыз айында Шымкенттен 1 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер Түркістанға көшті.

ДереккөзTengrinews.kz