Асқар Мамин мен Дмитрий Рогозин «Байқоңыр» кешенін дамыту мәселесін талқылады

15 қыркүйекте Мәскеуде ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен «Роскосмос» ғарыш қызметі жөніндегі мемлекеттік корпорациясының бас директоры Дмитрий Рогозин кездесті.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен «Байқоңыр» кешенін одан әрі дамыту перспективалары туралы пікір алмасып, «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен жобасының іске асырылу барысын талқылады.

Асқар Мамин мен «Роскосмос» басшысы «Байқоңыр» кешені жөніндегі үкіметаралық комиссияның алдағы жұмыс тәртібін, сонымен бірге Байқоңыр қаласын дамытуға қатысты мәселелерді де сөз етті. Қазіргі таңда инвестициялар тарту мақсатында Байқоңырда арнайы экономикалық аймақ құру мәселелері пысықталып жатыр.

Сонымен қатар кездесу барысында ғарыштық байланыс спутниктерін бірлесіп құру саласындағы ынтымақтастық келешегі талқыланды.