Алматыда науқастардың дәрі тапшылығы туралы шағымына түсінік берілді

Алматыда медицина мамандары қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың дәрілік заттар тапшылығына қатысты шағымы жөнінде түсінік берді.

Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Исабеков,  «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Алматыдағы бөлімшесінің директоры Төлеухан Әбілдаев және «СК Фармация» компаниясының өкілі Наталья Зеленскаялар жағдайдың себебін түсіндірді. Нұржан Исабековтың айтуынша, дәрілік заттың уақытша тапшылығы сүт безі ісігі ауруына шалдыққан әйелдер санының 5%-ға артуына байланысты болып отыр.

Әр салада жыл соңында қалада тіркелген науқастардың санына қарай тапсырыс беріледі. Қазір бұл проблема сүт безі қатерлі ісігімен ауыратындарға дәрінің бір түрі герциптин бойынша болып тұр. Науқастардың саны көбейгендіктен дәрілік заттар жетпей қалды. Былтырғымен салыстырғанда олардың саны 5%-ға артып отыр, — деді қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Исабеков.

Мамандардың айтуынша, Алматыда қазір 32 науқас әйел ай сайын герциптин препаратын алып тұруы керек. Әр науқас 18 ампуланы 1,5 жылда қабылдауы тиіс. Бір ампула құны 300000 теңгеге бағаланған. Аталған дәрі дәріханаларда сатылмайды. Тек бірыңғай дистрибьютор «СК Фармация» арқылы ғана жеткізіледі.

Биыл Алматыда 5426 әйел есепте тұр. 8 айда тағы 406 әйелден қатерлі ісік анықталды. Былтырғымен салыстырғанда 5%-ға артқан. Олардың 32-сі осы дәріге мұқтаж. Бүгінде 50 ампула мұқтаж адамдарға Қызылорда облысынан қарызға алып берілді. Біздің тапсырыс жеткен соң орнына қайтарылады, — деді Алматы онкологиялық орталығының директоры Нұрсұлтан Ізбағамбетов.

Ал дәрілік заттың уақытында жеткізілмеу себебін «СК Фармация» өкілі Наталья Зеленская түсіндірді.

2018 жылға Алматы онкологиялық диспансері 2,2 миллиард теңгеге тапсырыс берді. Тапсырысты қарастыру кезінде 1,9 миллиард теңгенің өнімі мақұлданды. 1,7 миллиард теңгенің дәрілік заттары жеткізілді. Герциптин препараты Қазақстанға қыркүйекте жеткізілген. Қазір сертификация процедурасында тұр, — деді Наталья Зеленская.

Енді қала билігі тапшы дәрілерді жеткізуге бюджеттен қосымша қаржы қарастырмақшы.

Биыл Алматы онкологиялық қызметі 2017 жылғы деңгейде қаржыландырылды. Дәрілік заттармен қамтуда түйткілді мәселе жоқ. Тек бір ауру бойынша дәрілік заттың бір түрі жеткізілмей жатыр. Оған қосымша қажеттілік туындады. Бұл мәселені біздің қордың орталық аппараты мен ҚР ДСМ аппараты жан-жақты қарастырып жатыр, — деді «Әлеуметтік медициналық мақтандыру қорының» Алматыдағы бөлімшесінің директоры Төлеухан Әбілдаев.

Оның айтуынша, биыл Алматы онкологиялық қызметіне 3 миллиард 222 миллион теңге бөлінген. Айта кету керек, Алматы қалалық онкологиялық орталығының пациенттері дәрілік заттарға уақытында қол жеткізе алмай жатқандарына шағымданған болатын. Тендер ұтып алған «СК-Фармация» компаниясы  дәрілерді уақытында жеткізбеген. Жалпы биыл Швейцариядан құны 2,5 миллиард теңге болатын 55 атаулы дәрілік зат жеткізу жоспарланған.

ДереккөзІnform.kz