Басты бетЖаңалықтарАлматыда "7-20-25"...

Алматыда «7-20-25» бағдарламасы пәтерлерінің жәрмеңкесі өтеді

«7-20-25» бағдарламасының барлық сатылатын пәтері #expohomsters жылжымайтын мүлік жәрмеңкесіне шығарылады.

«Баспана» ипотекалық ұйымы сыртқы коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, жәрмеңкеге Алматы бойынша 70-тен астам тұрғын үй кешенінің өкілдері қатысады. Олар барлық келушіге «7-20-25» бағдарламасы арқылы берілетін үйлердің бағасы мен мүмкіндіктері туралы ақпарат береді. Сонымен қатар келушілерге екінші деңгейлі банк өкілдері мен «Баспана» ипотекалық ұйымының мамандары кеңес береді.

«Тұрғындар тарапынан «7-20-25» бағдарламасы бойынша іске асырылатын тұрғын үй кешендерінің тізімі туралы көптеген сұрақтар туындайды. Әсіресе, Астана және Алматы тұрғындары осы ақпаратқа зәру болып отыр. Мұндай жәрмеңке сатушылар, сатып алушылар мен банкирлерді бір жерде біріктіруге мүмкіндік береді, — дейді «Баспана» ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков.

Екі күн ішінде жәрмеңкеге 5 мыңнан астам адам келеді деп жоспарланып отыр. Жәрмеңке Homsters.kz онлайн-сервисінің ұйымдастыруымен Dostyk Plaza ойын-сауық орталығында өтеді.