«7-20-25» бағдарламасы бойынша ең қымбат баспаналар қай өңірде?

«7-20-25» бағдарламасы бойынша өңірлердегі баспана құны белгілі болды. Бұл туралы «Баспана» Ипотекалық ұйымының сыртқы коммуникациялар қызметі хабарлайды.

«7-20-25» бағдарламасы аясында Атырау тұрғындары сатып алып жатқан баспана құны Алматыдан да жоғары. Астана тұрғындарының «7-20-25» бағдарламасы аясында сатып алып жатқан баспанасының орташа құны — 15 270 000 теңге. Бұл — Қазақстан бойынша ең жоғарғы баға. Сонымен бірге Атырау тұрғындары Алматыға қарағанда қымбатырақ баспана таңдап жатқаны анықталды.

Атырау бойынша «7-20-25» бағдарламасы аясында таңдалған пәтердің орташа бағасы 13 480 000 теңге болса, алматылықтар шамамен 12 900 000 теңгелік пәтерлерге үйір. Алайда бағдарламаға қатысушылар саны жағынан алматылықтар алда келеді, — делінген ұйымның хабарламасында.

Ал баспананың ең арзаны Қостанайда. Қостанайдағы үйдің орташа бағасы — 7 400 000 тенге. Арзан баспанасымен мақтана алатын өңірлер қатарында Маңғыстау (баспананың орташа бағасы — 7 900 000 теңге) және Ақмола облысы (баспананың орташа бағасы — 8 170 000 теңге) да бар 25 тамыз күнгі мәлімет бойынша 1803 азамат «7-20-25» бағдарламасына қатысуға ниет білдіріп, 21,3 миллиард теңге сомасына тапсырыс берген. Оның ішінен 14 миллиард теңге сомасына 1190 азаматтың өтініші мақұлданды.

Сонымен қатар қазіргі таңда «7-20-25» бағдарламасы аясында «Центркредит банкі», «АТФБанк», «ЦеснаБанк», Bank RBK мен «Еуразиялық банк» несие беріп жатыр.

ДереккөзTengrinews.kz