Астанада Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығы тойланды

Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арналған шара Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен және Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен өтті. «Әлем Айтматовты оқиды» атты жиында сөз сөйлеген Қырғыз Республикасы елшілігінің Қазақстандағы кеңесшісі Данияр Сырдыбаев жазушыға көрсетілген құрмет үшін алғысын білдірді.

ЮНЕСКО-ның мәліметінше, Шыңғыс Айтматов — шығармалары ең көп оқылатын авторлардың бірі. Оның туындылары 176 тілге аударылып, әлемнің 128 елінде 100 миллион данамен басып шығарылған. Айтматов шығармалары көптеген елдің мектеп оқулықтары мен жоғары оқу орындарының бағдарламаларына енгізілген. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласында қоғамның мәдени жетістіктері оның ілгерілеуінің басты көрсеткіші болатынын айтқан. Қазіргі уақытта мұндай жетістіктерді дәріптеу өте маңызды. Жазушының шығармашылығы Қазақстанмен тығыз байланысты, оның көптеген туындыларына қазақ жеріндегі оқиғалар арқау болған. Шыңғыс Айтматовтың еңбектерін бағалап, оған Қазақстанның халық жазушысы деген құрметті атақ бергендеріңіз — Қырғызстан үшін үлкен мақтаныш. 16 тамыз күні Астанада Қазақстанның Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен Қырғызстанның Премьер-Министрі Мұхаммедқали Әбілғазиевтің қатысуымен Шыңғыс Айтматов атындағы көшенің ресми ашылу рәсімі өтті. Мұның барлығы ұлы тұлғаны шы­найы, адами тұрғыда құрметтеу деп есептеймін, — деді Данияр Сырдыбаев.

Шараға жазушының ұлы, Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық қордың президенті Асқар Айтматов та қонақ болып келді. Ол ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп,  әкесі туралы, сонымен қатар Астана жайлы да ойымен бөлісті.

Астанада 1998 жылы болғанмын. Бүгінгі Халықаралық оқу конгресі осы қаланың 20 жылдығына арналып отыр. 20 жылдың ішінде Астана көркейіп, заманауи шаһар болған. Қазақ еліне лайықты нағыз болашақтың қаласына айналғанын көріп отырмын. Шыңғыс Айтматовтың туған жері болмаса да, атын құрметтеп жылда дүниеге келген күні — 12 желтоқсанда түрлі іс-шаралар өткізіп, жазушының атын дәріптейтіндеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Жазушылар мен ақындардың арасында отырып, Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығы туралы айтып отырғаным дұрыс болмас. Дұрысы, оның қандай әке болғаны туралы бірер әңгіме айтып берсем деймін. Әкем өте жылы шырайлы, ұқыпты адам болатын. Еңбекқорлығы өз алдына еді. Кішкентай кезімнен жазушы еңбегінің ең ауыр жұмыс екенін көріп өстім. Жазу өте бейнетті жұмыс қой. Түнде анам мені ұйықтауға жатқызатын кезде оның жазу жазып отырғанын көретінмін. Ал таңертең оянсам ол әлі жазып отыратын. Мүмкін менің жазушы болмай қалуымның бірден-бір себебі сол да болған шығар. Әкем жазуға келгенде асқан жауапкершілікпен және ұқыптылықпен қарайтын. Алайда ол балаларына да көңіл бөлуді ұмытқан емес. Қашан да өзінің әкелік мейірімін көрсетуге уақыт табатын. Мені ынталандыру үшін ертегілер айтып беретін. Ол ертегілердің басты кейіпкері әрине мен болатынмын. Кішкентай Асқар батыл, жомарт және адамзаттың ең асыл қасиеттерін бойына жинаған бүлдіршін еді. Ол ертегілермен әкем менің бойыма адамгершіліктен бастап өзге де адам баласына тән құнды қасиеттерді сіңдіре білді. Бұл менің әкем туралы ең жарқын естеліктерімнің бірі, — деді.

Бұдан бөлек, Асқар Айтматов Халықаралық оқу конгресінің маңызына тоқталды, электронды технологиялардың өмірге енуімен кітапханалар да өзгеріп жатқанын айтты.

Заман талабына сай болу үшін кітапханашылар да жұмыстың жаңа қалыбын іздеп, бірегей жобаларды жүзеге асырып, қоғамға енгізіп жатыр. Қазір кітапханалар нағыз мәдени, ақпараттық орталыққа айналды. Алайда жұмыстың барлығы бұрынғыдай кітаптың айналасында жүзеге асып жатыр. Дәл осы оқу құралы қашан да бұл қызметтің негізі болып қала бермек, — деді Асқар Айтматов.

Айта кетейік, Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы 2018 жылды «Айтматов жылы» деп жариялады. Осыған орай жыл басынан бері ұйымға мүше Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан мен Түркия елдері түрлі іс-шара өткізіп жатыр.

Қазақстандағы Шың­ғыс Айтматовтың 90 жыл­дығы Астана қаласында сәуір айында Айт­м­а­тов атындағы үлкен форуммен басталды. Халықаралық Түркі академиясының жазушыға арнаған «Айтматов. Империяның соңғы жазушысы» атты қоғамдық және биографиялық зерттеу кітабы таныстырылды. Кітап Мәскеуде «Ұлы тұлғалар өмірінен» сериясы аясында қайта басылып шықты. Астанада бауырлас елдер – Қазақстан мен Қырғызстан ара­сындағы достық-туыстық бай­ла­ныстың тамаша үлгісі ретінде жазушының атына көше берілді.

Айта кетейік, Шыңғыс Айтматов атындағы көше (бұрынғы атауы — №199 көше) — маңызы бар магистральді жол, сегіз қозғалыс жолағы бар. Көше 2016 жылы 1,8 шақырым ұзындықта Қорғалжын тас жолынан Е-10 (Сығанақ) көшесіне дейінгі учаскеде салынып, пайдалануға берілді. Бүгінде көшені Е-10 (Сығанақ) көшесінен Ұлы дала көшесіне дейін 3 шақырымға ұзартып салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұндағы көлік қозғалысы 2019 жылы басталады, ал құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, пайдалануға беру 2020 жылға жоспарланған.