«BIM-технология: Ғимараттардың ақпараттық моделін енгізу ерекшеліктері» тақырыбындағы дәрісті оқуға Сібір мемлекеттік геожүйелер және технологиялар университетінің доценті Владимир Талапов шақырылды.
Дәрісті тыңдауға жоғары оқу орындарының магистранттары мен докторанттары, құрылыс саласындағы компания өкілдері жиналды.
BIM-технология (Building Information Modeling) дегеніміз – құрылысты жобалау, тұрғызу және пайдалану туралы мәліметтердің дұрыс үйлестірілген цифрлық базасы. BIM-технология құрылыс нысанының барлық кезеңін қамтиды және үйлестіреді. Қазіргі уақытта дамыған елдерде бұл технология кеңінен қолданылады.
Ресейлік ғалым Қазақстанда ақпараттық модельдеу технологиясын енгізумен белсенді айналысып жүр.
Цифрландыру, ақпараттандыру, Smart city қалыптастырудың барлығы ақпараттық модельдеу технологиясына бағынышты. BIM-архитектор, BIM-инженер, BIM-технолог мамандары құрылыстың барлық бөліміндегі ақпараттық мәліметтерді 3D-модельде біріктіріп, инвестор, тапсырыс беруші, құрылысшы, пайдаланушы арасындағы жұмысты тиімді ұйымдастырушы болуы керек. Осының барлығы оқытушылар, магистранттар, докоранттарға түсіндіріліп жатыр, — дейді ғалым.
Сонымен қатар BIM-технологияның (Building Information Modeling) сарапшысы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына баға берді.
Мен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының концепциясымен таныстым. Оған жақсы деген баға беремін, дегенмен әлі де жандандыру керек деп ойлаймын. Бұл — әрине бір жылдық емес, ұзақ жылдар бойғы жұмыс. Оның дамуына 10-15 жыл қажет шығар, — деді Владимир Талапов.
Шараның бас ұйымдастырушы, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының ректоры Ерік Бесімбаев дәрістің мақсатын түсіндірді.
BIM-технология жүйесін оқу процесіне енгізу мақсатында Сібірден осы салада маманданған ғалым, сарапшы Владимир Талаповты арнайы шақырдық. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында академия президенті Сібірге арнайы барып, кездесу өткізген болатын. Дәріске Алматыдағы жоғары оқу орындарының оқытушыларын, жобалау мекемелерін, өндірістен бірнеше компания өкілдерін де шақырдық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында құрылыс саласын да цифрландыру — барлығымыздың ортақ міндетіміз, — дейді Ерік Бесімбаев.
Ресейлік маман Алматыда 15 қыркүйекке дейін дәріс береді.