Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын цифрландыру — басты міндет

Тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық саласының шығынын цифрлық технологиялардың көмегімен қалай азайтуға болады? Бұл мәселе Алматыдағы «Инновациялық технологиялар паркі» Арнайы экономикалық аймағында өткен форум барысында талқыланды.

Мамандардың айтуынша, негізі бұл мәселенің жауабы әлдеқашан табылған. Айталық, жылу тұтыну көлемін есепке алудың жалпы үйге арналған құралдары орнатылған жағдайда тұрғындар ондай құралдары жоқ үйде тұратындарға 36%-ға аз ақы төлейді екен. Енді осындай жүйенің тиімділігін көпшілікке насихаттау ғана қалып тұр.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамыту қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мейіржан Майкеновтің мәліметінше, қазір саланың уақытша «Е-Шаңырақ» аталған бірыңғай ақпарат жүйесі жасалып жатыр.

«2018 жылдың 1 қазанында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландырудың пилот жобасы іске қосылады. Оған еліміздің әр өңірінен 190 үй қатысады. Қазан-қараша айларында жобаға электрондық пәтер иелері кооперативтерін қосамыз, 2019 жылдың басында цифрландыру бүкіл ел бойынша жұмыс істейді. Сол үшін қазір ТҮКШ саласының бірыңғай ақпарат жүйесі жасалып жатыр, ол — процестің ресурс өндірушіден тұтынушыға дейінгі барлық қатысушысынан тұратын электрондық платформа. Біз бұл жұмысты бірнеше кезеңге бөлдік: қазір платформаның өзі жасалып жатыр, тұрғын үй қорын жекешелендіру және оны қазіргі заманғы құралдармен жабдықтау мәселесі шешіліп жатыр», — деді форум барысында Мейіржан Майкенов.

Алматы билігінің мәліметінше, тұрғын үй мен коммуналдық шаруашылықтың шығындарын жоғары деңгейдегі «ақылды құралдармен» есептеудің технологиялық процестерін оңтайландыру ресурстың өзіндік құнын төмендетуге себеп болады. Жергілікті атқарушы органдар мұны осы саладағы басты міндет деп айқындап отыр.