Сонан бері бас қаланың отымен кіріп, суымен шыққан 47 жастағы экс-әкім Президенттің оң қолы болды. Қылшылдаған қырықтың бел ортасында Исекешев елордалықтардың есінде әлеуметтік желіде тұрғындар өтінішіне жауап бергіш қағылез әкім, таксиге отырып, таксопарк қызметін пайдаланған қарапайым мэр болып қалды.
Мұнан бөлек, «Ақылды қала» үшін алысты. Нәтижесінде қала көшелеріне «Сергек» бақылау камераларын орнатып тынды.
Осылайша қоңыр күздің басында Президент әкімшілгінің су жаңа жетекшісі атанды. Енді Әсет Исекешев тұтас Үкіметтің, облыс әкімдерінің жұмысын бақылауға алып, ішкі идеологияға жауап береді.
Биографиясына қарасақ жұмыс істемеген жері мен саласы жоқ. Таланты мен тәжірибесі бір басынан асып төгіледі.
Қатардағы слесарьден саяси сахнаға дейін…
Әсет Исекешев елдің саяси элитасындағы «ауыр салмақтағы» серке саясаткерлердің біріне айналды. Еңбек жолын Оралдағы «Омега» зауытында слесарь болып бастаған ол бүгінде ел аузындағы іскер тұлға.
Қысқаша өмір жолына үңілер болсақ, Әсет Өрентайұлы Исекешев 1971 жылы 17 тамызда Қарағанды қаласында дүниеге келген. 1994 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазМУ заң факультетін, 1998 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы жоғары мемлекеттік басқару мектебін тәмамдаған.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінде, Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде жұмыс істеді.
2003 жылы Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда вице-министрінің лауазымына тағайындалды.
2006 жылы «Қазына» орнықты даму қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары. 2007-2008 жылдары Credit Swiss (Қазақстан) компаниясының қаржы жобаларының маркетинг жөніндегі директоры болып еңбек еткен.
2008 жылғы ақпаннан бастап 2009 жылғы мамыр аралығында – Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі.
2009 жылы – Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрі.
2010 жылғы наурыздан бастап – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрі.
2012 жылғы қаңтардан бастап – Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрі.
2012 жылғы қыркүйектен бастап – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрі.
2014 жылғы тамыз айында бастап Инвестиция және даму жөніндегі министр болып тағайындалды. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталған.
Елбасы сенім артқан жас еді
Астана елдің саяси, экономикалық орталығы. Сондықтан Арқа төсіндегі алып шаһарды үнемі Елбасының салмақты «қолбасылары» басқарып келген.
Алайда, Әділбек Жақсыбековтен кейін аса бір үлкен жетістіктерімен есте қалмаған Исекешевті бас қаланың әкімі етіп тағайындауы Назарбаевтың үлкен сенімі десек артық болмас. Астана әкімдігін осал адамдар басқармаған. Шөкеев, Жақсыбеков, Тасмағамбетов, Мамин… Бәрі де аса ауыр салмақтағы саяси ойыншылар. Назарбаев бұлардың қатарына Исекешевті де қосқан-тұғын.
Исекешев бас қаланың әкімі бола отырып, халықпен өте тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеді. Тіпті, әлеуметтік желіде парақшасын ашып, шаһар тұрғындарымен кері байланысқа шықты. Халық алдына тікелей өзі шығып, бар сұраққа жауап бергені ел есінде. Астананың 20 жылдық тарихында әкімі болған бір де бір шенеунік халыққа мұнша жақын болуға тырыспаған.
Қазақстанда соңғы жылдары саяси элитаға жастарды тартуға талпыныстар жасалды. Оларды түрлі басшылыққа тағайындап, арасынан талаптыларын ары қарай көтермелеуді дәстүрге айналдырды. Кезінде Президент аппаратында кадрларды Жоғары экономикалық кеңес пен Стратегиялық жоспарлау агенттігі таңдап-іріктеп отырған. Ондай жастардың арасында «болашақтықтар» да болды. Бірақ негізінен онда мемлекеттік органдар, бизнес пен институттардың жас қызметкерлері жүретін. Содан әр салада адал еңбегі арқылы басшылыққа көтеріліп, ысылған жастардың бір парасы жаңа элитаның өкілі ретінде бірден жоғарыға қарай өсе бастады. Солардың бірі Әсет Исекешев еді.
Әрине, жас тұлға Исекешевтің саяси портретінің қалыптасуына Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың аталық қамқорлығы мен сенімі басты себеп болғаны анық.
Исекешев «болашакер» емес
Былайғы жұрт Исекешевті «Болашақ» түлегі деп жүр. Алдай ол «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білім алмаған. Есесіне, Президент жанындағы Жоғары мемлекеттік басқару мектебінің түлегі.
Анығында, егемендігіміздің алғашқы кезеңінде елдегі ірі құрылымдағы тәжірибе жинақтау шетелде оқып келгенмен тең болатын. Әуелі, Исекешев прокуратурада заңгер болды, сосын Президент жанындағы Жоғары мемлекеттік басқару мектебінде білім алды. Ол кезде кадрлар негізі осы мектептен шығатын. Бұл мектептен Қайрат Келімбетов, Азат Перуашев, Дархан Кәлетаев, Біржан Кәнешев, Марат Құсайынов, Арыстанбек Мұхамедиұлы секілді талай мықты кадрлар шыққан.
Содан кейін Исекешев Әділет министрлігіне барып, бірден департамент директоры атанды. Одан көп ұзамай Әділет министрлігінің еншілесі — «Ұлттық заңгерлік агенттігі» АҚ-на басшы болды, сосын бизнеске алғашқы бетбұрысын жасады.
2002 жылдың қарашасында Исекешев мемлекеттік қызметке қайта оралды. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Қайрат Келімбетовтің командасына кіріп, оның кеңесшісі болды.
2003 жылы индустриялық-инновациялық дамудың алғашқы стратегиясы іске қосыла салысымен Исекешев Индустрия және сауда министрінің орынбасары атанды. Бұл жерде ол Жақсыбеков пен Мыңбаевтың орынбасары болып 3 жыл отырды.
Дәл осы жылдары Исекешев индустриялық-инновациялық даму жобасының бас идеологтарының бірі бола білді. Ел алдында, әсіресе, баспасөзде аты аталып, көзге түсе бастады.
Астананы 2 жылдан астам уақыт басқарған шаһар мэрі Исекешев несімен есте қалды?
Әрине, елордадағы халықаралық EXPO көрмесін ұйымдастыруда көзге түсті деп айтуымызға толық негіз бар. Осы уақыт ішінде Астанаға ағылған инвесторлар мен шетелдік қонақтарды күтіп алу, қаланың сәулеттік келбетін жақсарту кезінде Президенттің көзіне түскені бар.
Мұнан бөлек бас қаладағы КСК қызметтерін, балабақшаға кезекке тұру, ауруханаларға қаралу, кезек тұру сықылды тұрғындарға аса қажетті салаларға электронды қызметті енгізудегі еңбегі тағы бар. Исекешевтің әлеуметтік желі арқылы қала халқымен тікелей әрі ашық сөйлесіп, байланыс орнатқан ашықтығы көпшілікке ұнаған еді.
Исекешевке «бонус» берілді
Астана еліміздің мақтанышы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи шешімінің жемісі, тәуелсіздігіміздің көрінісі. Сондықтан болар халықаралық, республикалық ірі іс-шаралар осы алып шаһарда өтеді. Олардың ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Астана экономикалық форумы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті және еліміздің аталған ұйымға төрағалық етуі, Сириядағы жағдайды реттеу бойынша келіссөздер, EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі осында ұйымдастырылғаны еліміздің әлемдік сахнадағы беделін биіктете түсті.
Сондай-ақ «Ақылды қала» аталымы бойынша үздік 21 қаланың тізіміне енген бас шаһардың таңғажайып тосын сыйлары, тарихи тағылымға түрткі боларлық көшбасшылық қасиеті арта түсті. Дәл осы шаралардың ішінде қонақ түсіп, ат байлар қаланың «қожайыны бола білген Исекешев өзінің жастығымен, іскерлігімен көптің сынынан сүрінбей өтті.
Ендігіде Елбасының Әсет Исекешевті ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы лауазымына тағайындауы «ең жауапты қызметте тәжірибе жинақтасын» дегені болар. Бәріне уақыт төреші. Ендеше, алдағы кезеңде елдің саяси өміріне тікелей қатысты салаға келген жас басшы өз жұмысын көрсете жатар деген үміт көп.
Нұрбақ ЕДІГЕ