Басты бетЖаңалықтарӘсет Исекешев...

Әсет Исекешев Президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды

Мемлекет басшысының жарлығымен Әділбек Жақсыбеков зейнет жасына жетуіне байланысты ҚР Президент әкімшілігінің басшысы қызметінен босатылды.

Әсет Исекешевті Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің басшысы қызметіне тағайындау туралы

Әсет Өрентайұлы Исекешев Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің басшысы болып тағайындалсын, ол Астана әкімі қызметінен босатылсын.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев

Әсет Исекешев 1971 жылдың 17 тамызында туған.

1994 жылы әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің заң факультетін бітірген.

1998 жылы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Жоғары мемлекеттік басқару мектебін аяқтады.

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінде, Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде жұмыс істеді.

2003-2006 жылдары — Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда вице-министрі.

2006-2007 жылдары — «Қазына» тұрақты даму қоры» АҚ Басқармасы төрағасының орынбасары.

2007-2008 жылдары — Credit Swiss (Қазақстан) компаниясының қаржылық жобалар маркетингі жөніндегі директоры.

2008 жылғы ақпаннан 2009 жылғы мамыр аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі қызметін атқарды.

2009 жылғы мамырдан бастап Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрі болды.

2010 жылдың наурызынан бастап Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — Индустрия және жаңа технологиялар министрі қызметін атқарды.

2012 жылдың қаңтар айынан бастап Индустрия және жаңа технологиялар министрі болды.

2012 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрі болып тағайындалды.

2014 жылдың 6 тамызынан бастап Инвестициялар және даму министрі болды.

2016 жылғы 21 маусымында Қазақстан Республикасы Президентінің №288 жарлығымен Астана әкімі болып тағайындалды.