Әсет Исекешев көше шамдарын қараңғы түсе салысымен жағуды тапсырды

Апта сайын өтетін аппарат жиынында Әсет Исекешев үлестік құрылыс, қауіпсіздік, жылу маусымына дайындық сияқты қаланы дамытудың бірқатар өзекті мәселесін қарастырды.

Астана әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, үлестік құрылыс жағдайы туралы қала әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун баяндады. Ол «Шығыс» тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталатынын және 4-полигон жобасының келісімшарты дайын екенін, таяу арада «Елорда құрылыс» ЖШС бақылау кеңесінің қарауына оң қорытынды алу үшін жіберілгенін айтты.

Ал оперативтік жағдай туралы ІІД басшысының орынбасары Марат Төлебаев баяндама жасады. Ол қалада қауіпсіздік деңгейі жоғарылатылғанын айтты. «Жасөспірім» жедел профилактикалық шарасын өткізудің нәтижесінде қоғамдық орындарда жасалатын қылмыс саны азайған. Сонымен бірге «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені аптасына 19,5 мың құқық бұзушылықты тіркеген, оның 19 185-і өңделді.

Қаладағы аппараттық-бағдарламалық кешеннің фотобейнетіркеу мен бейнеталдаудың жұмысы туралы инвестиция және кәсіпкерлікті қолдау басқармасының басшысы Әлішер Абдықадыров айтып берді. Оның мәліметінше, «Сергек» камерасын енгізу қалада жол-көлік апатын төмендетуге де себеп болған. Жыл басынан бері 12 194 оқиға тіркелген, бұл — өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға аз.

Жылу маусымына дайындық пен қатты отынды іске асыру бойынша отын-энергетикалық кешені мен коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов баяндады. Ол жылу маусымына дайындықтың кестеге сай жүріп жатқанын хабарлады. Төлеуовтің айтуынша, көмір жоспарға сай сатылып жатыр, халық арасында айқай-шу жоқ. Әкім осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, көмірдің бағасы шарықтап кетпеуін тапсырды.

Әсет Исекешев көше шамдарының кеш жанатыны туралы ескерту жасады. Оның айтуынша, көше шамдары белгіленген уақытта емес, қараңғы түсе салысымен іске қосылуы керек. Әкім бұған да тапсырма беріп, көшелерді жарықтандырудың кестесін қайта қарауды және қажеттілік болған жағдайда іске қосу керектігін айтты.