Қазақстанның сыртқы қарызы күн сайын $5,8 млн-ға өсуде

2016 жылдың наурыз айында Қазақстанның шетелдік кредиторларға берешегі 154 миллиард долларды құраған. Алайда, бұл соманың өсуіне фирмааралық қарыздар себеп болған.

Қазақстан экономикасындағы рецессия жағдайында сыртқы қарыздың ішкі жалпы өнімге (ІЖӨ) қатынасы артып отырғаны байқалады. 2016 жылғы наурыз айында ол көрсеткіш 92,3, 2015 жылдың соңында 83,2 пайызды құраған. Ұлттық банк резервтерінің есептік кезеңдегі қысқа мерзімді сыртқы қарыздарға қатынасы 120,4 пайызға тең.

Бірақ, Finprom.kz талдауына сенсек, алаңдауға ерте көрінеді: халықаралық стандарттар бойынша қарыздың резервтерге қатынасы 100 пайыздан кем болмауы тиіс. Осылайша Қазақстан сыртқы қарыздарымен есептесуге қажет қорларға ие көрінеді.

Қазақстан қарыз алып отырған негізгі ел – Нидерланды (43,7 млрд доллар). Бұл соманың да елеулі бөлігін фирмааралық қарыздар құрайтын көрінеді.

Осы тоқсандағы сыртқы мемлекеттік қарыз 15,9 миллион долларға өсіп, 12,2 миллиард долларды құраған. Мемлекет кепілдендірмеген сыртқы қарыз есептік кезеңде 141,12 миллиард долларды немесе жалпы сыртқы қарыздың 91,6 пайызын құрады. Үш айдағы өсім 518,1 миллион долларға тең.