Иманғали Тасмағамбетов Иосиф Кобзонмен қоштасу рәсіміне қатысты

Мәскеуде КСРО халық артисі, РФ Мемлекеттік думасының депутаты Иосиф Кобзонмен қоштасу рәсімі өтті. П.Чайковский атындағы концерт залында өткен азаматтық панихидаға Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов те қатысты. Бұл туралы елшіліктің баспасөз қызметі хабарлайды.

Иманғали Тасмағамбетов марқұмның отбасына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан көңіл айтты.

Аты аңызға айналған артисті ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне оның Бүкіләлемдік рухани мәдени форум бойынша әріптесі, Қазақстанның атақты композиторы, қоғам қайраткері Төлеген Мұхамеджанов та қатысты.

Иосиф Кобзон 30 тамыз күні Мәскеуде қайтыс болды, ол екі аптадан соң 81 жасқа толар еді. Оның Қазақстанға деген ықыласы ерекше болды. Әнші осыдан үш жыл бұрын Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің отырысында Астананы «әлемнің рухани және мәдени астанасы» деп айрықша атаған еді. Оның көптеген марапатының ішінде екінші дәрежелі «Достық» ордені мен «Астана» медалі бар.