Алматы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ерлан Әукенов оқу барысында урбанизация, қала агломерациясын қалыптастыру, экономикалық аймақ құру, көлік жүйесі мен инфрақұрылымды дамыту, олардың әлеуметтік-экономикалық процестерге және қала экологиясына әсері туралы дәріс алды. Сонымен қатар әлемнің ұсақ әрі ірі мегаполистерінде Green Economy және Resilient city сынды әлемдік тәжірибенің заманауи концепцияларын енгізу мәселелерін зерттеді.
Алматы әкімдігінде Ерлан Әукенов көлік, әлеуметтік және халықты еңбекпен қамту, төтенше жағдайлар салаларына басшылық жасайды. Бұрындары ол индустриялық-инновациялық даму, сауда, шағын және орта бизнесті дамыту мәселелерін қадағалаған болатын.
Ол 2015 жылдың тамыз айында Алматы әкімінің орынбасары болып тағайындалған еді. Екі жылдан соң оқуға түсуіне байланысты қызметінен кетті.
Айта кетейік, Алматы әкімінің экс-орынбасары Мұрат Дәрібаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды. Әкім Бауыржан Байбек Мұрат Дәрібаевқа атқарған қызметі үшін алғыс айтып, табыс тіледі. Соңғы жылдары ол еңбек пен әлеуметтік қорғау, қоғамдық көлікті жаңарту, жолды жөндеу мен салу салаларында, соның ішінде БРТ желісін жүзеге асыруда ауқымды жұмыстар атқарды.