Жаңа мазмұнға көшетін сыныптарға 12 миллионнан астам оқулық сатып алынды

Республика бойынша 2018-2019 оқу жылында жаңа мазмұнға көшетін 3,6 және 8 сыныптарға арналған 12 миллионнан астам оқулық сатып алынды. Аталған сыныптардағы оқушы саны – 906 мың.

Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқулықтардың сапалы түрде басылып шығарылуына, олардың форматына және салмағына қойылатын талаптардың орындалуына баспалар жауапты. Биылғы оқулықтардың өткен жылғы оқулықтардан айырмашылығы – оларда QR-код орналастырылуы. QR-код оқулықтың электрондық нұсқасын қолдануға мүмкіндік береді.

Еліміз бойынша баспалардан 98,2% оқулықтар жөнелтіліп, оның орташа есеппен 92,5%-ы өңірлерге, білім беру нысандарына жеткізілді. 

Жамбыл, Түркістан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласы оқулықтарды  өңірлерге 100%-ға жөнелтті.

Сонымен қатар бірқатар өңірде тасымалдаушылардың өз міндеттерін дұрыс орындамауына байланысты оқулықтардың уақытылы жеткізілмеу қаупі туындап отыр. Осы себепті Ақмола облысының 6 ауданы, Қостанай облысының 3 ауданы, Шығыс Қазақстан облысының 2 ауданы, Қызылорда облысының 1 ауданы оқулықтарды өз күшімен тасымалдауға мәжбүр. Сонымен бірге Қостанай облысының Наурызым ауданы да «Қазпошта» АҚ-мен қайта келісімшартқа отырды.

Қазіргі кезде барлық білім беру өкілдері оқулықтарды жеткізу мәселесімен белсенді түрде айналысып жатыр. Оқулықтарды жөнелту және жеткізу процесі өңір әкімдіктері мен білім басқармалары басшыларының қатаң бақылауында.