Азиада-2018: Дмитрий Баландин мен теннисшілер жұбы қола медаль иеленді

Дмитрий Баландин 50 метрге брасс әдісімен жүзуде Азия ойындарының қола жүлдегері атанды деп хабарлайды Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметі.

Финалдық сында жерлесіміз жапониялық Ясухиро Кусико (27.07) мен қытайлық Ян Зибейден (27.25) қалып қойды.

Дмитрий Баландиннің көрсеткіші — 27.46.

Бұл — оның биылғы Азия ойындарындағы екінші қола жүлдесі. Ол 100 метрге брасс әдісімен жүзу жарысында да үздік үштікті тұйықтаған еді.

Дмитрий Баландин өзі Олимпиада чемпионы атанған 200 метрге брасс әдісімен жүзу бәсекесіне жарақатына байланысты қатыспайды.

Бүгін — 24 тамыз күні теннистен Анна Данилина мен Александр Недовесов жұбы да қола медальді жеңіп алды.

©Оlympic.kz

Жұп жартылай финалда Таиланд құрамасына жол берді. Есеп – 1:2.

Тартысты өткен кездесуде жеңімпаз тай-брейк арқылы анықталды. Джакарта мен Палембангтағы Азия ойындарында Қазақстан теннисшілері бір күміс, екі қола медаль жеңіп алды.

Baribar биылғы Азия ойындарында Қазақстан қоржынына жүлде салған спортшылар туралы кейінірек толық хабарлайды.