Астана мамандары Жамбыл облысынан жеткен қарбыздан зиянкес тапты

Астанадағы «Алаш» базары аумағында сатылып жатқан қарбыздан қауын шыбыны табылды.

Базар аумағында жүргізілген карантиндік және фитосанитариялық бақылау кезінде Жамбыл облысынан әкелінген 10 тонна қарбыздан зиянкес табылды. Мамандар ауру таралмауы үшін қарбыздың 150 келісін сатылымнан шығарылып, көміп тастады.

«Біз оның бәрін тәркілеп алдық. Аталған факті бойынша әкімшілік құқықбұзушылық актісі рәсімделді. Енді қарбыздың иесі 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни 48 100 теңге көлемінде айыппұл төлейді», — дейді ҚР АШМ АӨК Астана қаласы бойынша аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Сымбат Қалиасқаров.

Ол инфекцияны қалай анықтау керектігін түсіндірді. Маманның сөзіне қарағанда, қауын шыбыны асқабақ тұқымдас өнімдер — қарбыз, қауын мен қиярға жиі түседі. Олардың сыртында қызыл-қоңыр із пайда болады. Осындай жағдай байқалғанда өсімдік карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторларға арыздану қажет.

Астанада барлық сауда базарына келген өнімдерге карантиндік және фитосанитарлық бақылау үнемі жүргізіледі. Инспекторлар өнім санитарлық талапқа сай келсе ғана оны базар сөрелеріне сатылымға шығарады.

«Негізі, қауын шыбынының адам денсаулығына зияны жоқ, дегенмен басқа ауыл шаруашылығы өнімдеріне тарап кетсе, қауіпті. Астананың аумағындағы ашық және жабық жылыжайларда қияр және асқабақ егіледі. Аталған карантин таралған жағдайда өнімділік 20%-ға немесе одан да көп көлемде төмендеуі мүмкін. Кейбір жағдайда 50-ден 100%-ға дейін жетуі мүмкін», — дейді Сымбат Қалиасқаров.

Мемлекеттік инспекция басшысы орынбасарының айтуынша, жыл басынан бері Италияда және тағы басқа еуропалық мемлекеттерде 30 тоннаға дейін 6 карантиндік факті анықталды.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда оқушылардың қарбыздан ұшынғаны хабарланған еді. 7 және 10 жастағы екі бала ауруханаға түсті. Мамандар олардың базардан сатып алып жеген қарбызының құрамында нитрат көп болғанын хабарлады. Ал Астананың санитарлық-гигиеналық қадағалау саласының мамандары қарбыз бен қауын сатып аларда қандай жайттарға назар аудару керектігін айтты.

ДереккөзЕlorda.info