Басты бетЖаңалықтарБауыржан Байбек:...

Бауыржан Байбек: Цифрландыруға негізделген экономика қалыптастырамыз

Алматыда «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы», «Рухани жаңғыру» және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламалары тиімді іске асырылып жатыр. Бұл туралы Алматы әкімі Бауыржан Байбек білім беру қызметкерлерінің тамыз мәслихатында мәлімдеді.

Бауыржан Байбектің айтуынша, соңғы үш жылда оңтүстік астанада 37 жатақхана салынады. Қазір 4 мың орынға арналған 7 ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Оның төртеуі биыл пайдалануға беріледі. Алматыда тұрғын үйлердің 50%-ы Елбасының «7-20-25» бағдарламасы бойынша салынады.

Тамыз мәслихатында Алматы әкімі адамның сана-сезімінің жаңаруы қоршаған ортаны да өзгертетінін атап өтті.

«Ашық, жайлы және қауіпсіз орта адамды тілдесуге, қайырымдылыққа, шығармашылыққа үндейді және оның позитив әрекет жасауына түрткі болады. Бұл әрекеттер соңғы жылдары қаламыздың жаппай жаңаруындағы біздің жұмысымызды анықтап отыр. Осылайша ашық түсініктегі жаңа алматылық қалыптаспақ. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында Елбасы осыны айтты. «Қала көліктер емес, адамдар үшін» принципін жүзеге асыра отырып, біз қоғамда жайлылық пен қауіпсіздік орнатамыз. Қалалықтарға жаяу немесе велосипедпен қолжетімді қозғалыс ұйымдастырамыз. Ақырындап жайлы және қауіпсіз қоғамдық көлікті енгіземіз. Біз мөлдір, цифрландыруға негізделген экономиканы қалыптастырамыз», — деді ол.

Алматыда соңғы үш жылда 524 көше, 800 шақырым инженерлік жүйе және 1400 аула жөндеуден өтті. Магистральды көшелерде бірнеше қиылыстың құрылысы жүргізіліп жатыр. Барлық жерасты өткелінің күрделі жөндеу жұмысы аяқталды. Үш жыл ішінде қалаға қосылған Алатау және Наурызбай аудандары жаңартылды. Қаланың тарихи орталықтары түгел қайта жөнделді.

«Атакенттің» бір кездегі жасыл оазисі не болып кетті? Бос жерлер асфальттанған, машина үйіндісі. Қаланың барлығы үлкен тұраққа айналған. 20 жыл ішінде қаладағы машиналар саны 10 есе ұлғайған. Әрине, бір жағынан бұл жақсы. Бірақ көліктер адамдарды тар тротуарларға итеріп тастап, таза ауамызды тартып алды. Біз бұл жағдайларды бүгінде жүйелі түрде өзгертеміз және ары қарай қаламызды жаңарта бермекпіз», — деді Бауыржан Байбек.