«Алматы жастары» бағдарламасымен үй ала алатын тұрғындар анықталды

Алматыда «2020 жылға дейін жастарға қолдау көрсетудің жол картасы» аясында жастарға арналған «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасының екінші кезеңі өтті, мұнда 35 жасқа дейінгі жастарға жеке пәтер алу үшін жеңілдетілген заем беріледі.

Тұрғын үй комиссиясының шешімімен бағдарламаға қатысушы 200 адам анықталды, олардың барлығы «Алматы жастары» бағдарламасының іріктеу шарттарынан ойдағыдай өтіп, «Тұрғын үй құрылыс банкінің» іріктеуіне ие болды. Осыған қатысты тізім www.almaty-zhastary.kz порталында жарияланды.

«Алматы жастары» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы 2017 жылы басталды. Сол кезде жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінген болатын. Түскен 6657 өтініштің 108-і бойынша тұрғын үй заемдері берілді. 2018 жылы «Алматы жастары» жеңілдетілген несие бағдарламасын жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 2 миллиард теңге бөлінді.

«Алматы жастары» бағдарламасының артықшылығы — проценттік көрсеткішінің төмендігі, яғни жылдық 5%-дық несиемен 10 миллион теңгеге дейін заем беріледі. Несиені қайтару мерзімі әркімнің төлеу қабілетіне қарай жеке жүргізіледі — 3-тен 25 жылға дейін.

Еске сала кетейік, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» бірі әрі алғашқысы әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру болатын.