«Көпшілік Алматыға алып тиінді көру үшін келеді» — Бауыржан Байбек

Алматы әкімі Бауыржан Байбек «Атакент» көрме орталығы алдына орнатылған алып тиін мүсіні туралы пікір білдірді.

Білім беру саласы қызметкерлерінің тамыз мәслихатында сөйлеген сөзінде әкім арт-нысанға жұмсалған шығын өзін-өзі ақтағанын айтты.

«Тиін туралы, демек, Алматы туралы көптеген әлемдік БАҚ — BBC, Fox News, New York Post ақысыз сөз етті, қазақстандықты айтпағанда, қаншама ресейлік масс-медиа жазды. Тиінге жұмсалған ақшаға біз осынша қуатты ақпараттық эффектке қол жеткізе алмаған болар едік. Бізге келген туристер ең әуелі «Тиіндеріңіз қайда? Көргім келеді», — деп сұрап жатады. Айтпақшы, Қазақстанның басқа қалаларынан көпшілік Шымбұлақ пен Медеу үшін емес, тиінді көру үшін келіп жатады», — деді Бауыржан Байбек.

Алматы басшысы тиін мүсініне қатысты алматылықтардың реакциясы қандай болатынын алдын ала білгенін де айтты.

«Шындықты айтсақ, біз қала тұрғындарының реакциясы сондай болатынын болжадық. Тиін алматылықтардың қандай да бір жаңа нәрсені қабылдауға, алға жүруге қаншалықты дайын екенін анықтайтын индикатор іспетті болды. Тиін алматылықтардың қандай екеніне сипаттама береді — ол сіз бен біз сияқты әрдайым қимылдап, күйбең тірлікпен жүреді. Жоба авторлары оның мөлшерінің өзі алматылықтардың мінезінен хабар беретінін айтады. Біз үнемі түймедейді түйедей етіп, үлкейткенді жақсы көреміз. Бұған қоса, тиін — таза ауа, таза су, жасыл ағаш. Ол тірі табиғатта өмір сүреді. Бұл — таза алматылық жануар. Бұл жерде де автордың маңызды ойы бар», — деді қала әкімі.

Сабаннан жасалған алып тиін инсталляциясы «Атакент» көрме орталығы алдында шілденің басында пайда болды. Арт-нысанға 23 миллион теңге жұмсалған. Жоба авторы — суретші Алекс Ринслер.

ДереккөзTengrinews.kz