Басты бетЖаңалықтарНұрсұлтан Назарбаев:...

Нұрсұлтан Назарбаев: Үлкен кәсіпорындар құру міндетті емес

Нұрсұлтан Назарбаев Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Студенттер үйіне барды. Бұл ғимаратты университетке «ҚазТрансОйл» компаниясы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру аясында сыйға тартқан.

Жатақханада тұратын студенттермен әңгімелесу барысында Елбасы үлкенді құрметтеуге, кішіге қамқор болуға, отанды сүюге негізделген қазақ халқының салт-дәстүрін ұстанудың маңыздылығын айтты. Университет студенттері «Бес әлеуметтік бастама» аясындағы жобалардың жүзеге асырылғаны және студент жастарға әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты. Сонымен қатар Қазақстан Президентіне «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының және «Бес әлеуметтік бастаманың» облыстағы іске асырылу барысы жөнінде мәлімделді.

«7-20-25» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері өңір тұрғындарынан құны 454 миллион теңгеден асатын 35 өтініш келіп түсті. Олардың 16-сына 181 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Биыл облыста 1792 пәтерден тұратын 26 тұрғын үй пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Кіріс көлемі 25 айлық есептік көрсеткіш болатын 65 мың адамның жалақысы 1,1 миллиард теңгеге өсті. Биыл берілген шағын несиенің саны екі есе – 173-тен 366-ға дейін өсіп, жалпы сомасы 1558,9 миллион теңге болды. 2020 жылға қарай облыстағы оқу орындарының қажеттілігін толық қамтамасыз ететін 1960 орындық 13 жатақхана салынады.

Бұдан соң Президент Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

«Біз 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын қабылдадық. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Цифрлық Қазақстан», индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламалары және «Бес әлеуметтік бастама» жүзеге асырылып жатыр. Мұның бәрі әрбір қазақстандықтың өмірін жақсартуға бағытталған», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы нысандарды аралап көріп, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы жөніндегі есепті тыңдаған соң жалпы алғанда, аймақтың экономикасы қарқынды дамып келе жатқанын және әлеуметтік тұрақтылық қамтамасыз етілгенін айтты.

Атырау облысының әкімі биылғы бірінші жартыжылдықтағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жөнінде баяндады.

«Облыстың өңірлік жалпы өнімі 2018 жылғы бірінші тоқсанда 1 646,2 миллиард теңгеге, индекс көлемі 112,1%-ға жетті. Республиканың ішкі жалпы өніміндегі өңірдің үлесі 14% болды. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3 653,1 миллиардқа артты. Іс жүзіндегі индекс көлемі – 112,6%. Еліміз бойынша өңірдің үлесі 27,7% болды. Жыл басынан бері 333,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында құны 21,8 миллиард теңге болатын әрі 331 жұмыс орнын ашатын 8 жобаны іске қосу жоспарланып отыр», – деді Нұрлан Ноғаев.

Нұрсұлтан Назарбаев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының бірқатар бағытына қатысты оң нәтижелерге тоқталып, өңір экономикасы өсімінің негізгі көрсеткіштері өндіруші секторға тиесілі екенін атап өтті.

«Мен бағасы құбылмалы шикізат ресурстарына үміт артпай, баламалы өндіріс құруға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын ұсындым. Үлкен кәсіпорындар құру міндетті емес, экспортқа жұмыс істейтін икемді жобаларды жүзеге асыру қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Елбасы мемлекеттік қызметшілердің жалақысына қатысты пилоттық жобаны жүзеге асырудың тиімділігін айтып, жергілікті атқарушы органдарға осы тәжірибені қолдануды, сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді тапсырды. Жиын соңында Нұрсұлтан Назарбаев облыс әкімдігіне және орталық мемлекеттік органдарға өңір экономикасын әртараптандыру, Ақтөбе — Атырау — Астрахань автомобиль жолының құрылысын тезірек аяқтау, аграрлық және қайта өңдеу саласын дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, «Бес әлеуметтік бастама» аясындағы жобаларды сапалы іске асыру, сонымен бірге жүктелген міндеттер үшін басшылардың дербес жауапкершілігін бекіту жөнінде бірқатар тапсырма берді.