Атырау өңірінің 150-ден астам елді мекеніне газ беріледі

Атырау облысында шалғайдағы елді мекендерді газдандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл — «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының бірі.
Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта Атырау және Құлсары қалаларынан басқа өңірде 130 елді мекен газдандырылған. Бұл ретте қалған 34 шағын елді мекенді газдандыру мәселесі қарастырылып жатыр.
2017 жылы Құрманғазы ауданының Азғыр ауылдық округіне қарасты 10 елді мекенді газбен жабдықтау жұмысы басталған болатын. Аталған аудандағы кенттер мен ауылдарды газдандыру жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік аударымдары есебінен жүргізіледі. Жобаның жалпы құны – 10 миллиард теңге.
Жоба аясында алыс орналасқан елді мекендерге ұзындығы 365 шақырым магистральдық газ құбырын төсеу жоспарланып отыр. Бүгінде 274 шақырым газ құбыры желісі тартылды.
Бұдан басқа Махамбет, Исатай және Қызылқоға аудандарының елді мекендері газдандырылып жатыр. Мамандардың мәліметінше, осы жұмыс аяқталғаннан кейін өңірдің елді мекендерінің 93,3%-ы көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Асан Нұрғалиевтің айтуынша, бүгінде облыста ауылдарды газдандыру бойынша үш жоба іске асырылып жатыр. Осы жылдың соңына дейін Махамбет ауданындағы Атамбай, Балаораз және Көздіқара ауылдарын газдандыру аяқталуы тиіс.
2019 жылы Қызылқоға ауданының алты ауылы газдандырылады. Қазіргі таңда жобаның құжаты дайындалып жатыр. Барлық жоспарланған жұмыс аяқталғаннан кейін Атырау облысында 153 ауылға табиғи газ беріледі.