Бүгін Азия ойындарында велоспорттан топтық жарыс аяқталып, қазақстандық Алексей Луценко чемпион атанды. Бұл туралы ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
150 шақырымға созылған жарыс аса тартысты өтті. Әсіресе, мәреге жақындаған тұста медальға үміткер бес спортшы барын салды.
Алексей Луценко екі жапондық және екі таиландтық велоспортшының көрсеткен қысымына қарамастан, мәре сызығын бірінші болып кесті. Луценконың уақыт көрсеткіші — 3:25:25.
Күміс жүлде Жапония, қола жүлде Таиланд спортшысының еншісінде.
Бұған дейін академиялық есу спорты бойынша қазақстандық Александра Опачанова қола медальді иеленген еді.