Басты бетЖаңалықтар"Мектепке жол"...

«Мектепке жол» акциясы аясында 1300 балаға көмек көрсетілді

Алматы орталық мешітінде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті. Бұл шара аясында әлеуеттік аз қамтылған отбасылардан 1300 балаға оқуға қажетті құрал-жабдықтармен толтырылған мектеп сөмкелері табысталып, Құрбан айт мерекесінің құрметіне орай «Құрбан айт құтты болсын» айттық сыйлық қорапшалары үлестірілді.

Шараға Алматы мәслихатының депутаты, кәсіпкер Қайрат Құдайбергенов, «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қоры және «Ихлас» қайырымдылық қауымдастығы демеушіліктерін көрсетті. Бұл игілікті іске Алматы имамдары да өз үлесін қосып, айлығының 10%-ын қайырымдылыққа жұмсады.

Қайырымдылық акциясында Алматы дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Есенбеков мектеп оқушыларына тілегін айтты. Содан кейін акцияны ұйымдастырушылар балаларға сыйлықтар ұсынды.

«Мектепке жол алған қадірменді оқушылар, барлығыңызға сәт-сапар тілеймін. Сіздер «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деген сөзді ұрандата отырып, еліміздің ертеңіне берік кірпіш болып қалануларыңыз керек. Ол үшін дінімізде әрбір мұсылман ер мен әйелге білім алу парыз екенін ұмытпай, күндіз-түні талмай еңбектенулеріңіз керек. Сондай-ақ Құранның алғашқы түскен сөзінің де «оқы» екенін қаперлеріңізге сала кеткенім жөн. Сондықтан да сіздердің алдағы өмірде алар асуларыңыз бен бағындырар белестеріңіз көп болсын деймін. Сонымен қатар еліміздің болашағы болған жастарымызға әрқашан осылай қолдау білдіріп, оларға қамқорлық жасау әрбір қазақ азаматының, «мен мұсылманмын» деген адамның міндеті, қасиетті борышы екені даусыз. Бүгін біз соның жарқын мысалына куә болып отырмыз. Мінеки, жас бүлдіршіндерімізге қуаныш сыйлап, мектепте сапалы білім алуына жағдай жаратып беріп отырған кәсіпкер азаматырмызға Алла разы болсын!» – деді шараны ашқан Алматы орталық мешітінің бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлы.

Дереккөзazan.kz