Павлодар әкімі болып Әнуар Күмпекеев тағайындалды. Қаланың жаңа басшысын облыс әкімі Болат Бақауов таныстырды.
Әнуар Күмпекеев 1984 жылы 16 маусымда Павлодарда туған.
2005 жылы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін «экономика бакалавры» мамандығы бойынша тәмамдады. 2007 жылы Брэдфорд университетінен экономика саясаты магистрі дәрежесін алды. «Болашақ» бағдарламасының түлегі еңбек жолын 2005 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің экономика және қаржы департаментінде жетекші маман болып бастады.
2007 жылдың қазанынан бастап осы министрліктің маркетинг және коммерциализация департаментінде, кейін «ҚР Биотехнологиялар ұлттық орталығы» РМК стратегиялық даму департаментінде басшы болды.
2008 жылдың қыркүйегінде коммерциялық құрылымдарға басшылық қызметке ауысты. 2009-2012 жылдары «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ департаменттерінде басшы болды.
2012-2015 жылдары Степногорск әкімінің орынбасары, Степногорск әкімі болып қызмет етті.
Еске салайық, бүгін осы кезге дейін Павлодар әкімі болған Нұржан Әшімбетов Екібастұзға басшы болып тағайындалған еді.