22 тамыз күні Индонезияда өтіп жатқан Жазғы Азия ойындарында Қазақстан спортшылары шпага және сабля жарысынан, таэквондодан және ескек есуден қола медаль жеңіп алды.
ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, таэквондошы Нұрлан Мырзабаев үшінші орынды иеленді. Ол жартылай финалда оңтүстіккореялық қарсыласынан бір ұпайға ғана кем түсті. Есеп – 16:17.
Бүгін шпагадан Қазақстан ерлер командасы да жартылай финалда Жапония құрамасына жол беріп, құрлық додасында үздік үштікке енді. Есеп — 36:45. Эльмир Алимжанов, Дмитрий Алексанин, Руслан Курбанов және Вадим Шарлаимов төрттігі Азия ойындарының қола жүлдегері атанып отыр. 19 тамыз күні шпагашы Дмитрий Алексанин Қазақстан қоржынына алғашқы және әзірше жалғыз алтын медальді салған болатын.
Бүгін — 22 тамыз күні ерлер командасының жеңісінен бұрын Қазақстанның сабляшы қыздары да Азиаданың қола медалін иеленді.
Тамара Почекутова, Әйгерім Сарыбай, Айбике Хабибуллина және Татьяна Приходьколар жартылай финалда Қытай құрамасына жол берді. Есеп — 25:45.
Семсерлесу спортының ережесі бойынша жартылай финалда жеңіліс тапқан команда автоматты түрде қола жүлдеге иелік етеді. Осылайша жақында ғана Азия чемпионатынан жүлделі оралған сабляшы қыздар Азия ойындарында да үздіктер қатарына енді.
Бүгін сонымен бірге ескек есуден Қазақстан командасының мүшесі Александр Куликов Азия ойындарында қола жүлде жеңіп алды.
Ол «слалом» бағдарламасы бойынша үшінші сатыдан көрінді. Жекелей сында өнер көрсеткен Куликов жапон және қытай спортшыларына ғана жол берген.
Еске сала кетейік, Азия ойындарының үшінші жарыс күнін Қазақстан құрамасы 13 медальмен аяқтаған еді. Енді қола медальдар саны төртеуге көбейді.