Өнегелі әке

Жақсы тәрбие беріп өсірген балаңыз бір күні қарақшылықты әдетке айналдырған топқа қосылып кетті. Осындайда не істер едіңіз? «Ағайынды» фильміндегі (режиссер Ақан Сатаев) Ерсайын мұндай шақта асқан сабырлық танытты. Шалыс басқан ұлына ақыл айта отырып, тығырықтан шығарар жол көрсетті. Ерсайынның бала тәрбиесіндегі даналығы үшін оған «Өнегелі әке «деген атақ бергіміз келеді.

Қайсар мінезді әке

Тұрақты жұмыс, жайлы баспана таппай жүрген адам. Табыс жоқта күннің әр сәті өлшеулі, әр сәтіне қаржы керек. Тұрақты табыс көзіне қол жеткенше біраз тырбану тағы қажет. Тырбанған сайын сол бір жайлы тұрмыс сағымдай болып алыстай береді. Қаражат пен баспана жайы қинап жүргенде отбасында да кикілжің. «Бақытқа жетер жолда» фильміндегі (режиссер Габриэле Муччино) Крис Гарднер өзі мен ұлын осындай тығырықтан алып шығу үшін жанталасады. Далаға түнесе де, талмай еңбектеніп, танымал компанияға брокер болып жұмысқа орналаса алды. Әрі қандай жағдай болса да кішкентай Кристофердің еңсесін түсірмей тәрбиелеуге тырысады. Бұл фильмнен табанды, қайсар мінезді әке образын көреміз.

Қамқор әке

Өзіңізді жұбайынан айырылған, түрлі қалада жүрген 4 баласын сабыла күткен Фрэнк Гудтың орнына қойып көріңізші? Кейіпкер алыстағы әкеңізді еске сала ма? Қартайған шағында жанына медеу болар балаларын іздеп, оларды үйге шақырумен болған әкенің орнында басқа әке болса не істер еді? Мұндай жағдайда Фрэнк саспады, балаларын іздеп өзі жолға шықты. Барлық қызық осы жерден басталады. Фрэнк өз балалары туралы ештеңе білмейді екен. Енді балаларына барлық құпияны ашуға тура келеді. «Бәрі өз жолымен» фильмін (режиссер Кирк Джонс) көрсеңіз, Фрэнк Гудтің қамқор әке екенін түсінесіз.

Өзін-өзі тәрбиелейтін әке

Ештеңеге тәуелді емессіз, бейқам өмірге үйренгенсіз. Бір күні алыстағы танысыңыз сізге «Мынау сенің балаң» деп қолыңызға сәбиді ұстатады да кетеді. Қандай жағдайда болатыныңызды біліп тұрмын. «2+1 Бәрі ертең басталады» фильміндегі (режиссер Хьюго Желен) Самюэльдің де басынан осы жағдай өтті. Оның әкелік мейірі оянып, қызына ең қамқор әке бола алды. Фильмде әке мен кішкентай қызының арасындағы жақындық әдемі көрсетіледі. Бұл фильм қаңғыбас адамның қамқор әкеге айналғаны туралы. Шынында Самюэль сияқты әкелер өз ортамызда да кездеседі.

Жанкешті әке

Бәзбіреулер баласын ұрлап кетіп жатса, ешқандай әке қарап қала алмас. «Тұтқын қыз» фильміндегі  (режиссер Пьер Морель) Брайан да осал әке емес. Ол қызы Кимді қарақшылар қолынан кәсіби тәжірибесінің арқасында 96 сағаттың ішінде құтқарады. «Қарақшылар оның қызын алып кетті, енді ол қарақшылардың өмірін алмай қоймайды». Бұл — фильмнің ұраны. Әкесі балаларының қасында нағыз керек кезінде табыла білсе, ол үлгілі әке. Осы ерлігі үшін Брайан «жанкешті әке»  атағына лайық.

Талапшыл әке

Сізге алтын жүлде ала алмай, спорттан кетуге тура келеді. Мұндай жағдайда кез келген адам «Менің орнымды ертең ұлдарым басып, елімізге алтын медаль алып береді»- деп армандары сөзсіз. Алайда тағдыр сізге 4 қыздың әкесі болуды жазыпты. Енді қайтпек керек? «Дангал» фильміндегі (режиссер Нитеш Тивари) Сингх Пхогат ақыры өз арманына жетеді. Ол талапшылдығы мен қатал мінезінің арқасында 4 қызын бірдей балуандыққа үйретеді. Осылайша «Үндістанда қыздар балуан бола алмайды» деген стереотип жойылып, оның 2 қызы өз елінің атын шығарады. Қыздар тек әкесінің қатал тәрбиесі мен кәсіпқойлығының арқасында жетістікке жетеді. Сингх секілді әкелерді жетістікке жеткізер талапшыл әкелер қатарына жатқызамыз.

Адамшыл әке

Жалғыз ұлы өмірден өтіп, артында қалған келіні мен баласы қан жылап қалса, басқа әкелер қандай қадамға барар екен? «Әке» фильміндегі (режиссер Рави Чопра) озық көзқарасты кәсіпкер Балрадж Капур келінінің бақытын ойлайды. Оның бұрын сүйген жігітін өзі іздеп тауып, екі жастың қосылуына қарсы болмайды. Себебі Балрадж Капурдың өмірінде отбасы ұғымы — бірінші орында. Сондықтан бұл кейіпкерді адамшыл әке деуге болады.

Ең мейірімді әке

Жалғыз қызыңыздың қалауын орындаймын деп жүргенде өзіңіз жасамаған қылмысқа кінәлі болып қаласыз. Өзіңізді ақтап алар еш дәлел жоқ. Ал кішкентай қызыңызды қалдырар анасы тағы жоқ. Осындай кезде оның сізбен бірге түрмеде болғанын қалар ма едіңіз? «7-камерадағы ғажайып» фильміндегі (Ли Хван-кюн) ақыл-есі кем жалғызбасты әке қызының қасында болғанын қалады. Оның үстіне жалғыз қызы үшін оған жасамаған қылмысты мойындауға тура келеді. Қызы үшін өз бостандығын құрбан еткен 7-камерадағы Ён Гу шынымен де — ең мейірімді әке.

Батыл әке

Баласы ауырса, әке тыныш отыра ала ма? Кез келген әке баласының еміне керек қаражатты еңбектеніп табуға барын салады. Ал сіз ол қаражатқа жылдам қол жеткізу үшін ауыр қылмысқа бара алар ма едіңіз? «Мен әкемін» деп аталатын Кореяның криминал фильмінде (режиссерлары Чон Ман-бае және Ли Се-Йонг) сыбайлас полиция қызметкері Хан Чжон Сик өзі ақша ұрлап, орнына кәсіби тұрғыда басқа адамды түрмеге қаматады. Тіпті, адам өлтіруден де тайынбайды. Фильмдегі әкенің осы қадамы үшін оны батыл әке деп атауға әбден болады.