Алматының орталық мешітінде Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Асыл мұра» бағдарламасы аясында Құрбан айт мерекесіне арналып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті.
Шара таңғы айт намазынан кейін 4,5 мың адамның қатысуымен басталды. Кез келген қатысушы өздерін қошқар көтеру, қол күресі, бағанаға өрмелеу және асық атудан сынап көрді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтарға ие болды. Қошқарды 505 және 510 рет көтерген екі жас палуан Бауыржан Әбдіхайым мен Ілияс Жұмайға салмағы 40 келі тартатын қос қошқар бұйырды.
«Мен қатыссам ба, жоқ па деп көп ойландым. Себебі алда Ресейде болатын жарыс күтіп тұр. Бірақ 505 рет дегенді көріп, жігерленіп, қатысуға бел будым. Осылайша 510 рет көтеріп өзім үшін рекорд орнаттым. Мен әрқашанда өз қарсыласымды жеңуге тырысатын адаммын, бүгінде ұтуға тырыстым. Егер ол қошқарды 600 рет көтергенде мен 605-ке жеткізуге талпынатын едім», — дейді еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Ілияс Жұмай.
Ілияс Жұмай екі ай бұрын осы бағдарламаның ашылуында да қошқарды 205 рет көтеріп ұтып алған болатын. Ол күреспен 8 жасынан бастап айналысып, еліміздің абыройын көптеген халықаралық жарыста қорғап жүр.
Құрбан айт мейрамына арналған шара қонақтарына арнайы дастархан жайылып, балаларға тәтті таратылды. «Асыл мұра» бағдарламасы қаладағы мешітке келуші жамағат арасында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.