Назарбаев Қазақстан халқын Құрбан айт мейрамымен құттықтады

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Құттықтау Ақорда сайтында жарияланды.

«Құрметті отандастар! Баршаңызды қастерлі Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Құрбан айт – исламды жақсылықтың, жасампаздық пен үйлесімдіктің діні екенін паш етіп, күллі мұсылман қауымын бейбітшілік пен татулыққа, өзара түсіністікке шақыратын қасиетті мейрам. Сонымен бірге ол – діни мереке ғана емес, барша адамзатты бір-біріне көмек қолын созуға үндеп, бауырмалдыққа баулитын үлкен рухани құндылық. Бұл күндері адамдар жақындарына ақ тілектерін арнап, игі істер жасауға ұмтылады. Құрбан айт алуан түрлі конфессия мен этнос өкілдері тұратын Қазақстанда азаматтардың бойына ізгілік нәрін сеуіп, олардың ұстанатын діні мен ұлтына қарамастан бір-бірін қадірлей білуге зор ықпал етеді. Сонымен қатар рухани тұтастығымызды нығайтып, бірлігімізді бекіте түседі. Осынау жарқын мерекеде әрбір шаңыраққа бақыт, бейбіт өмір мен береке-бірлік тілеймін! Қасиетті мейрамда шалған құрбандықтарыңыз бен ізгі ниеттеріңіз сауаптан жазылсын! Айт қабыл болсын!» — делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Құрбан айт Ораза айттан 70 күннен соң тойланады. Мереке үш күнге жалғасады.