Асылған ет желініп болған соң артынан сорпа ішілетіні белгілі. «Ет етке, сорпа бетке» деп, сорпаны бойға күш беретін құнарлы сұйық тағам ретінде ішсе, екінші жағы шөл қандырар сусын орнына да пайдаланған.

Әлбетте, сорпаның өзі түр-түрге бөлінеді. Соның бірі — сүр еттің сорпасынан жасалатын ақірім.

Ақірімді — сүр етті жеген соң шөл қандыру үшін ішетін сусын. Оны «ақсорпа» деп те атайды. Ақірім тез арада дайындалады. Сүр еттің сорпасына айран, қатық немесе қымыз қосады. Ақірім ішу салты күні бүгінге дейін сақталып келеді. Мәселен, тойымды еттен кейін айран қосылған сорпаны ұсынады. Ақірімнің сүр еттің сорпасынан ғана жасалуы сорпаның майлы болмайтынын меңзейді. Суық күйде де қолданылатын сусын өзінің керемет дәмін жоғалтпайды. Керісінше, суытылған ақірім — нағыз шөл басатын, қарын аштырмайтын ішімдік.