Тимур Сүлейменов теңге бағамы туралы: Бұл девальвация емес

ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Үкімет отырысынан соң журналистердің теңге бағамының ауытқуына қатысты сұрақтарына жауап берді.

«Қараңыздар, девальвация деген терминмен бұл жерде дауласуға болады. Біз үйренген түсінік бойынша девальвация деп, теңге бағамының бір сәтте, 1-2 күнде күрт өзгеруін айтады. Тұтас алғанда — бүгін Ұлттық банк баяндама жасады ғой — теңге жылдың басынан бері 4,3%-ға ғана құнсызданған», — деді министр.

БАҚ өкілдері министрге теңгенің әлсіреуі қазақстандықтарға айтарлықтай сезілгенін айтты.

«Экономикамызға әсер етуі жағынан бұл — әзірше мейлінше қалыпты эффект», — деп қарсылық білдірді Сүлейменов. Бүгінгі Үкімет отырысынан соң Ұлттық экономика министрі теңгенің құнсыздануынан бюджет бағдарламаларының орындалмай қалу қаупі жоқ екенін мәлімдегенін де айта кетейік.

Министр Сүлейменов осылайша Парламент мәжілісінің депутаты Аманжан Жамаловтың пікіріне қарсы шықты. 13 тамыз күні Жамалов ұлттық валюта бағамының ауытқуын девальвация деп атаған еді.

«Қазір Ұлттық банк мұны «бағамның ауытқуы» дейді. Іс жүзінде мұндай ауытқу да — девальвация, бірақ бір сәттегі емес, «еңбектеген» девальвация. Қайсысы жаман екені тағы түсініксіз», — деген еді депутат.

ДереккөзZakon.kz