Ұлттық банк теңгенің әлсіреу себебін түсіндірді

ҚР Ұлттық банкі валюта нарығындағы ахуал туралы түсінік берді.

13 тамызда теңге таңғы сессиядағы сауда нәтижелері бойынша 1 АҚШ долларына 363,15 теңгеге дейін немесе өткен тәулікке қарағанда 1,8%-ға әлсіреген еді. Теңге бағамы дамушы елдер валюталарының жалпы әлсіреуі аясында төмендеп жатыр.

Ұлттық банктің мәліметінше, дамушы елдер валюталарының жалпы әлсіреуіне геосаси және дипломатиялық мәселелер, әсіресе, АҚШ-тың Ресей, Қытай мен Түркияға қатысты протекционистік және санкциялық саясаты себеп.

Бұған қоса, әлем нарығында АҚШ Федералдық резерв жүйесі проценттік ставкаларының артуын болжаудың салдарынан АҚШ доллары бағамының жалпы нығаюы байқалып отыр. Бұл факторлар капиталдың дамушы елдер нарығынан дамыған елдер нарығына қарай ауысу трендінің қалыптасуына ықпал етті.

Қазіргі уақытта валюталар бағамы іргелі факторлардың ықпалымен қалыптасып жатыр. Ұлттық банк нарықты тұрақты түрде бақылап отыр және қажет болған жағдайда теңгенің қысқамерзімді елеулі және тұрақсыздандырушы ауытқуларын болдырмауға бағытталған интервенциялар жүргізуге дайын.

ДереккөзZakon.kz