БҚО-да ұстаздарға арналған 15 ІТ курсы ашылады

«Нұр Отан» партиясынан бастау алған жоба аясында астаналық «STEM Academy» ЖШС мамандары Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті базасында ІТ сыныптарында дәріс беретін информатика пәнінің мұғалімдері үшін арнайы курс өткізіп жатыр.

БҚО білім басқармасы ІТ сыныптарда жұмыс жүргізетін 33 педагогтің басын біріктіріп, аталмыш курсқа жолдады. Айта кету керек, биыл облыста осындай 15 сынып ашу көзделіп отыр. Оның 14-і жалпы білім беретін мектептер базасында, біреуі Оқушылар сарайында жұмыс істейтін болады (аудан орталықтарында — 12, облыс орталығында — 3).

Балаларға арналған тегін IT-сыныптардағы дәрістер модульды жүйеде факультатив түрінде жүргізілмек, яғни оқушылар 3D модельдеу, бағдарламалау және роботты техника негіздерімен тереңірек танысып, қарапайым алгоритмдерді, Web-сайттарды, компьютерлік ойындар мен анимацияларды құру дағдыларын үйренеді. Осылайша IT технологиялардың іргетасы шәкірт бойында мектеп қабырғасынан қаланады.

Курсты ұйымдастыру ісінің басы-қасында жүрген облыстық білім беруді ақпараттандыру орталығы директорының орынбасары Румия Хамзинаның айтуынша, бір ІТ сыныпты жабдықтау құны — 3 миллилон 319 мың теңге.

«Біз оқушыларды қазірден бастап жаңа ақпараттық жаһандануға бейімдеуіміз қажет. Заманауи технология тілін меңгерген шәкірттеріміз өз интеллектісін дамыта отырып, түрлі олимпиада мен білім байқауына қатысу мүмкіндігіне ие болады», — дейді Румия Хамзина.